Облыс әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық соттарының жұмыс қорытындыларына арналған брифинг өтті.
Оған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Асхат САУДАБАЕВ, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Нұрбол АБДОЛОВ, Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанат ХАБАРОВ қатысты.
Аталған соттардың төрағалары журналистерге 2023 жылдың 9 айындағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары туралы хабарлады.
Н.Абдолов өткен жылмен салыстырғанда түскен арыз-шағымдардың артқанын атап өтті. Есепті кезеңде МАӘС-на 711 әкімшілік талап қою түсіп, 91 татуласу келісімі (12,7%) мақұлданды. 264 шешім шығарылды, оның 184-і талап қоюшылардың пайдасына (69,7%) шешілді. Ақшалай өндіріп алу түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы 23 ұйғарым қабылданды. Республикалық бюджетке 1 475 760 теңге өндірілді. 114 әкімшілік талап арызданушылардың өздерінің бастамасымен кері қайтарып алынды.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы А.Саудабаев келіп түскен талап қоюлар санының азайғанын атап өтті. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың 9 айында сотқа 2 614 талап арыз түскен. Оның ішінде 1 546 іс немесе 59,1%-ы қаралып, шешім шығарылды. Өткен жылмен салыстырғанда, талап арыздардың түсуі 356-ға немесе 13,6%-ға азайған, ал шешім шығарылып, қаралған істер саны 104-ке немесе 6,7%-ға артқан.
Экономикалық сотпен 2023 жылдың есепті кезеңінде барлығы 2 152 азаматтық іс қаралған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180-ге немесе 8,4%-ға аз. Татуластыру рәсімдерін қолданумен аяқталған істер саны – 122. Оның ішінде татуласу келісімін бекітумен 26, дауды медиция тәртібінде реттеу туралы келісімді бекітумен 96 іс аяқталған, 37 жеке ұйғарым шығарылған.
Ж.Хабаров келіп түскен талап арыздардың, қылмыстық істердің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің артқанын атап өтті. Есепті кезеңде ювеналдық сот 33 тұлғаға қатысты 26 қылмыстық іс қарады. 15 іс бойынша үкім шығарылып, 17 адам сотталды. 8 іс тоқтатылды. 348 азаматтық іс қаралып, оның 134-і бойынша шешім шығарылды. 63 іс татуластыру рәсімдерін қолданумен аяқталды.
Жалпы жыл басынан бері ювеналды сотқа 624 талап-арыз түскен. Оның 317-сі тек қыркүйек айында түскен. Жүктеменің айтарлықтай артуына заңнамалық өзгерістер себеп болып отыр.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 409 іс қаралды. 41 іс қысқартылған.
Брифинг барысында баяндамашылар сұрақтарға жауап беріп, сот тәжірибесінен мысалдар келтірді.
Жомарт ӘМІРХАНОВ