Атырауда Республика күніне орай облыстық бас редакторлар клубы БАҚ қызметкерлері арасында шағын футболдан Т.Амандосов атындағы дәстүрлі ауыспалы кубок үшін жарыс ұйымдастырды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сайысқа алты команда қатысты. Атырау облыстық бас редакторлар клубының төрағасы, Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай АМАНТУРЛИН мұндай турнирлер өткізудің маңыздылығына тоқталып өтті.
- Т.Амандосов атындағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасындағы турнир үшінші рет өткізіліп отыр. Оны екі рет қатарынан «Тауман» командасы иеленген болатын. Егер осы ойында да олар жеңсе, кубок ойын ережесіне сай «Тауман» командасында қалатын болады. Сондықтан да бүгінгі ойын өте тартысты өткелі тұр, - деді Ж.Амантурлин.
Жарыс нәтижесінде, жүлделі I орынды «Tауман» құрама командасы иемденді. «Атырау Ақпарат» командасы II орын, «Atyrau» телеарнасы III орынмен марапатталды. «Taуман» командасының қақпашысы Қанат ЕЛЕУОВ «Үздік қақпашы», «Atyrau» телеарнасынан Дәулет ИМАНҒАЗИЕВ «Үздік ойыншы» және «Атырау Ақпарат» командасының ойыншысы Қайсар ЖЕТПІСБАЙ «Үздік сұр мерген» атағын иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Жомарт ӘМІРХАНОВ