Атырау, 26 қараша 21:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Махамбет ауданында әскери жиындар өтті

692 просмотра

Тактикалық-арнайы оқу-жаттығу кезінде екі жасақ тобы «Карманово» мұнай қыздыру станциясына шабыл жасап, «өртеп жіберді».

Махамбет ауданында, «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының аумағында Атырау облысы аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерімен оқу-жаттығу жиындары өтті. Оған Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары тактикалық-арнайы оқу-жаттығулардың сәтті өтуі үшін белсенділік танытқан лауазымды тұлғалар мен әскери қызметкерлерді жоғары тәртіп пен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін алғыс хаттармен марапаттады.

– Біз бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымызбен, әскери міндетті аумақтық қорғаныс бригадалары кез келген төтенше жағдайға дайын болуы керек. Қазіргі арнайы тактикалық оқу-жаттығулардың мақсаты да осы. Күрделі жағдай туындаған кезде мұндай әлеуметтік маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін күшейту бірінші кезектегі мәселе. Бірақ мұндай жағдай болмасын. Әскери киім киіп, тек осындай арнайы тактикалық оқу-жаттығуларды өткізу үшін жиналайық. Туған жерге қызмет еткендеріңіз үшін алғыс айтамын», – деді Қ.Нұртаев.

«Өрт қоюдан» кейін төтенше жағдай жарияланып, бақылау-өткізу бекеттері күзет роталарымен күшейтілді. Жүк көлігіндегі содырлар екі жақтан шабуыл жасады. Зардап шеккен әскери қызметкерлерге жедел жәрдем шақырылды. Көрінуді азайту үшін жеке құрам ұрыс алаңында арнайы түтін гранаталарын пайдаланды. Осы сәтте полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасақтары аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамымен бірге содырларды қоршауға алды. Қашып кетпек болған көлікті полицияның арнайы жасақтары тоқтатып, содырлар ұсталды.

Шара барысында жедел медициналық жәрдем қызметкерлері мен өрт сөндірушілер де жедел әрекет етті.

Тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар әскери борышын өтеуге міндеттілердің салтанатты маршымен аяқталды.

Жомарт ӘМІРХАНОВ

22 қазан 2023, 16:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.