Қалада мамыр айынан бері қысқа дайындық жүріп жатқаны баршаға аян. Алайда, бірнеше айға созылған жөндеу жұмыстарына қарамастан, жылу беру маусымында көп кедергі кездесті. Қала тұрғындары тарапынан наразылық көбейіп, жылу кейбір үйлерге кешігіп қосылды.
Бұл басқосуда қала әкімі кейбір пәтер иелері кооперативі жылу есептегіш құралдарын тексерістен өткізетін уақытын алдын ала қадағаламай, жылу маусымы басталарда кедергі келтіріп, жауапсыздық танытқандарын сынға алды.
- Қазіргі таңда барлық көпқабатты үй жылумен қамтылды. Жасыратыны жоқ, 16-19 қазан күндері жылудың жоқтығына байланысты тұрғындар тарапынан наразылықтар орын алған еді. «Атырау жылу жүйелері» АҚ мамандары қалада орналасқан 1031 көпқабатты үйге жылу беруге дайын бола тұрса да, кейбір пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің өкілдері тұрғындардың жылуға қатысты төлемақылардың көбейіп кеткендігін алға тартып, келіспеушілігінен жылуды 15-16 қазан күні қосты. Алайда пәтерлердегі жылу құбырларынан ақау шығып, қалалық тұрғын-үй қоммуналдық шаруашылығы бөлімі тарапынан құрылған апатты жағдайдың алдын алу бригадасының көмегімен жөнделіп, тұрғындардың пәтерлеріне жылу берілді, - деді қала әкімі Ш.Кейкин.
Негізі пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің өкілдері қол қойылып, мөр соғылған құжаттарын ұсынар кезде қысқа сақадай сай дайынбыз деген-ді. Айналдып келгенде дайын болмады.
Қала әкімі жиын соңында жұртшылықтың наразылығын тудырып, жылуды кешіктірген жауаптылар анықталып, тиісті шарасы алынатынын нақтылап айтты.
Ляззат ҚАРАЖАНОВА