Атырау облысының тұрғындарына енді eGov.kz арқылы өз тұрғын үйлері мен нысандарына газ жүргізу үшін техникалық шарттар алуға мүмкіндік берілді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Энергетика министрлігі, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп электрондық үкімет порталында жаңа қызметті іске қосу бойынша жұмыс жүргізді.
Жеке тұлғалар электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, газ жүргізуге техникалық шарттар алуға өтініш бере алады. Техникалық шарттарды қарау және беру процесіне техникалық күрделі емес нысандар үшін 5 жұмыс күні, ал техникалық күрделі нысандар үшін 10 жұмыс күні кетеді.
Техникалық шарттарды алу үшін бірнеше қарапайым қадамды орындау қажет:
- eGov.kz порталына кіріңіз;
- байланыс телефоны мен электрондық пошта мекенжайын көрсетіңіз;
- тұрғылықты мекенжайыңызды таңдаңыз;
- газ жүргізілетін нысанының мекенжайын таңдаңыз;
- нысанның техникалық төлқұжатының сканерін тіркеу;
- газ жүргізілетін нысанның мәліметтерін көрсету;
- өтінішке электронды қолтаңбамен қол қою;
- «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-нан техникалық шарттарды беру немесе ықтимал бас тарту туралы жауап күтіңіз.
Жомарт ӘМІРХАНОВ