Биыл Атырау облысында психикалық және мінез-құлық бұзылыстарының 264 бастапқы жағдайы анықталды. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Елдос ҚЫДЫРСИХОВ айтты.
Мәселен, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 159 жағдай тіркелді. Өткен жылы мұндай 169 жағдай тіркелген.
– Атырау облысында 9 айдың қорытындысы бойынша 8240 науқас динамикалық бақылауда. Оның 5692-сі динамикалық психиатриялық бақылауда, 2548 науқас динамикалық дәрі-дәрмектік бақылауда, - дейді Қыдырсихов. - Стационарлық және амбулаторлық деңгейде жалпы психологиялық көмек көрсетіледі. Облыс бойынша 7 ауданда 7 психикалық денсаулық кабинеті және №1, №2, №3, №4 және №7 қалалық емханаларда алғашқы психикалық денсаулық орталықтары жұмыс істейді. Халыққа психологиялық қызмет көрсету мақсатында психоәлеуметтік түзету және медициналық-психологиялық көмек көрсету бөлімі жұмыс істейді. Мұнда: балалар психиатры, психолог, терапевт, логопед, дефектолог қызмет көрсетеді. Сондай-ақ биыл психологтар 2243 адамға қызмет көрсетті. Оның ішінде 669 бала, 154 жасөспірім, 1420 ересек адам бар. 102 адам психологиялық кеңес алды, 93 адам психодиагностикадан өтті. Осымен қатар арнайы психологиялық түзету бойынша сабақтар мен тренингтерді жиі өткіземіз.
Биыл психологиялық белсенді заттарды қолдану салдарынан психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар 196 науқас есептен шығарылды.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА