18 қазанда Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан ЕМЕЛБАЕВ Атырауға іс сапармен келіп, мектеп оқушылары мен студенттерді ҰБТ-2024 форматымен таныстырды.
Кездесу барысында шектік балл деңгейі, 2024 жылғы ҰБТ-ға еңгізілген өзгерістер мен ережелер, елімізде түлектерге қойылатын маңызды талаптар мен қауіпсіздік шаралары туралы айтты.
Р. Емелбаев мамандық таңдаудың маңыздылығына да тоқталды. Грантқа іліну жолындағы бірқатар құпиямен бөлісіп, грант үшін емес, өз жүрек қалауларымен мамандық таңдау керек екенін айта отырып, өз ақыл-кеңесін берді.
Айта кетейік, ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы байқау сынақтарын іске қосты. Ол онлайн форматта орталықтың сайтында жүзеге асырылады.
Аннотацияда айтылғандай, 2024 жылғы ҰБТ-да пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтсек, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет asu.edu.kz сайтынан алынды