Израиль мен палестиналық ХАМАС ұйымы арасындағы соғысқа жеті күн өткенде, бүгін, 13 қазанда Израиль елшілігінің қызметкерлеріне шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Кazinform.
Израиль Сыртқы істер министрлігі жұма күні Израильдің Қытайдағы елшілігінің дипломатына Бейжіңде шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Жарақат алған қызметкер ауруханаға жеткізілген, қазір оның жағдайы қалыпты хабарланды.
Сhinatimes жазуынша, қаскөй Израиль елшілігі ғимаратының жанында пышақпен шабуыл жасаған. Израильдік шенеуніктер қылмыстың себебін анықтап жатыр.
Интернетте тараған видеода Бейжің көшелерінің бірінде ақ көйлек киген ер адамның Израиль елшілігінің қызметкерлеріне шабуыл жасағаны және жер қызыл қанға боялғанын көруге болады.
Associated Press, Reuters және South China Morning Post агенттігінің мәліметінше, Израиль Сыртқы істер министрлігі жарақат алған адамның ауруханаға жеткізілгенін және оның жағдайы тұрақты екенін айтты, бірақ оның аты-жөні мен жұмыс мәртебесін жарияламады.
Қытай билігі бұл оқиғаға қатысты әлі мәлімдеме жасаған жоқ.