Атырау, 26 қараша 23:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

​Атырау облысындағы мемлекеттік резиденция: ұстауға, жалақыға және коммуналдық қызметтерге миллиондар жұмсалды

1 358 просмотра

Махамбет ауданындағы Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы ақпан айынан бері өз мақсатында пайдаланылмайды. Алайда оның ғимаратын күтіп-ұстауға биыл жергілікті бюджеттен 96 миллион 364 мың теңге және негізгі қаражат ретінде 29 миллион 650 мың теңге бөлінді. Мұнда жоспарланған балалар лагері әлі қағаз жүзінде ғана тұрғанын және ол жерде болашақ демалушылар үшін ешнәрсе салынбағанын ескерсек, қаржының осынша көлемі қайда жұмсалды деген сұрақтың туындауы орынды.

Еске сала кетсек, сонау ақпан айында ҚР президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бес қаладағы, соның ішінде Атыраудағы президенттік резиденцияны балалардың мұқтаждығы үшін жергілікті әкімдіктерге беруді тапсырды. Резиденцияны ұстауға ондаған миллиондар жұмсалатынын және президенттің өзі жылына бір рет келетінін ескерсек, бұл ұсыныс мақтауға тұрарлық.

Теледидардан көрген сирек кадрлардан байқағанымыздай, бұрынғы резиденцияның қылқан жапырақты ағаштармен, қарағайлар мен түрлі-түсті гүлдермен көмкерілген гүлзарлармен қоршалған оазис дерсің. Бейресми деректерге сүйенсек, мұнда сирек кездесетін балық түрлері мекендейтін көл, жоғары лауазымды тұлғларға арналған ағаш үйлер де бар екені белгілі. Барлығы қымбат және байлық есіп тұр, таң қалатын несі бар - президент пен оның қонақтарына арналған ғой. Бұл нысанды ұстауға бұрын қанша қаржы бөлінгені айтылмайды, бір елордалық басылым өкілі бұл сұрақты бір рет жергілікті билікке қойған, алайда жауабы болмады.

Атырау облысы білім басқармасының қосымша білім беру, тәрбие жұмысы, өзін-өзі тану, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Дулат ХАМЗИННІҢ мәліметінше, биыл бөлінген қаржыға ендігі балалар лагері болып саналатын жердің аумағында ештеңе салынбаған. Қаржы нысанды күтіп-ұстауға, сонымен қатар аумақты абаттандыру мен көгалдандыруға жұмсалды. Дегенмен, президент үшін бұл аумақ мүмкіндігінше абаттандырылып, көгалдандырылған және оны бірнеше ай бұрын жергілікті әкімдікке бергенін ескерсек, ол жер тоза қойған жоқ. Қаржының бір бөлігі ғимараттарды күтіп ұстауға және бейнебақылау камераларын сатып алуға жұмсалды. Мүмкін олар бұрын болмаған және президенттің қауіпсіздік шаралары ескерілмеген шығар. Кім білген? Немесе олар осы уақыт ішінде жарамсыз болып қалған шығар. Сондай-ақ, ақша пайдаланылмай тұрған үй-жайлардың тазалығын сақтауға, қызмет көрсетіп жүрген қызметкерлердің жалақысына және біздің өтінішімізге берген жауапта айтылғандай, «тұрмыстық қажеттіліктер мен коммуналдық қызметтерге» жұмсалды.

96 миллионнан бөлек «негізгі каражат» ретінде бөлінген 29 миллион 650 мың теңгенің қайда жұмсалғаны да бізді қызықтырып отыр. Бізге берген күрделі жауаптан белгілі болғандай, «негізгі қаражат - бұл тауарларды өндіру немесе жеткізу және қызметтерді көрсету процесінде пайдалануға арналған материалдық активтер».

2024 жылы биыл бөлінген қаржыға қатысы жоқ жаңа сома бөлінеді. Мөлшері әлі жарияланған жоқ, бірақ олар оны «оқу-жаттығу лагерінің салалық жобаларын жасауға, оларды облыстық құрылыс басқармасына дайындап, жіберуге» пайдалануды жоспарлап отыр.

– Білім бөлімі 2024 жылы лагерьдің коммуналдық шығындарына, жұмысшылардың еңбекақысына, бейнебақылау камераларын ұстауға, аумақты абаттандыру мен көгалдандыруға (тағы да! – авт.), ғимараттарды күтіп ұстауға, 300 орындық жатақхана, асхана салуға, амфитеатр мен бассейн тұрғызуға, 75 компьютер және 100 балаға парта мен орындық алуға қаржы сұратады, - дейді Атырау облысы білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Ерлан СЛАМБЕКОВ.

Болашақ сома қандай болса да, оның бір бөлігі балаларға жұмсалатыны қуантады.

Постфактум. Біздің осы жарияланым шыққан бойда облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі түсініктеме жолдады. Ведомство «АЖ»-ның редакциялық сауалдарына берген жауаптарында өз қызметкерлері келтірген мақалада көрсетілген сомалар туралы жұртшылыққа түсіндіруді жөн көрген деп түсіндік.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі былай деп жазады: «Атырау облысы әкімдігінің 2023 жылғы 28 ақпандағы №29 «Атырау қаласының коммуналдық меншігіне мүлікті қабылдау туралы» қаулысынан кейін резиденция мүлкімен бірге білім басқармасының «Таланттарды анықтау және қолдау орталығы» КММ балансына берілді. Резиденция «Жас дарын» оқу-жаттығу лагері деп танылды. Лагерьдің мақсаты – балалардың сабақтан тыс және демалыстағы бос уақытын тиімді пайдалану, тегін демалысын ұйымдастыру және облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен жарыстарға дайындық үшін оқу-жаттығу базасын құру.

Резиденция ұзақ уақыт пайдаланылмай тұрғандықтан, аумақты күтіп ұстау және абаттандыру, көгалдандыру, ғимараттарды күтіп ұстау және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша бюджеттік өтінім дайындалып, облыстық мәслихатта қаралып, жергілікті бюджеттен 96 млн 364 мың теңге бөлінді. Бұл қаражатқа лагерьде жұмыс істеу үшін арнайы штат бекітіліп, қажетті шаруашылық құралдары сатып алынды, оның ішінде абаттандыру жұмыстарын жүргізуге, жасыл желектердің тозығы жеткен суару жүйесін (насостарды) және сыртқы бейнебақылау камераларын ауыстыруға жұмсалды. Бұдан басқа, 100 балаға арналған 75 компьютер, парта мен орындықтар сатып алынды. Бұл мақсатқа 76 миллион теңге бөлінді.

Осы күзде мұғалімдермен қатар алғашқы оқушыларды қабылдау жоспарланып, оларға тамақ, жол, іссапар және басқа да соған байланысты штаттық шығындарға қаражат бөлінді. Бірақ объективті себептермен балалар мен мұғалімдерді қабылдау кейінге шегерілді. Осы мақсаттарға қарастырылған 20 миллион теңге қаржы бюджетке қайтарылды.

Келесі жылы оқу-жаттығу лагері аумағында 300 орындық жатақхана, асхана, амфитеатр, бассейн құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Бұл ең алдымен аз қамтылған отбасындағы балаларға, жетім балаларға және олимпиада мен байқаулардың жеңімпаздарына арналған. Сонымен қатар, лагерьде күзгі, қысқы және көктемгі демалыс кезінде дарынды балалармен жұмыс жүргізіледі. Оларды олимпиада мен жарыстарға дайындайды, қосымша үйірмелер жұмыс істейді».

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

13 қазан 2023, 17:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.