Онкодиспансер дәрігерлеріне қала тұрғыны, 1995 жылғы әйел адам іші ауырып, сол жері ұлғайып кеткенін айтып, шағымданып келді. Дәрігерлер оның сол жақ аналық безінің іскенін анықтады. Ота жасалып, сәтті шықты. Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Науқасқа төменгі ортаңғы бөлікке лапаротомия, сол жақ бөлікке аднексэктомия (жатыр түтікшесі мен аналық бездің алынуы), оментэктомия (іш майдың алынуы), кіші жамбасқа дренаж жасау сияқты үлкен ауқымды ота жасалып отыр. Нәтижесінде макропрепарат арқылы тығыз құрылымы бар 25×18 см көлемдегі ісік алынды. Отаны онкодәрігерлер Мақсат ТУҒАНБАЕВ пен Мәдина ЕРЛАНҚЫЗЫ жасады.
- Қатерлі ісік жас та, жыныс та талғамайды. Мысалы, бұл әйел 30-ға толмаған, екі баласы бар. Қатерлі ісіктің 1-ші кезеңі анықталып, ота жасалды. Науқаста дерттің белгілері болмаған, аса ауырсынбаған. Тек соңғы кездері іші ұлғайып, бір тығыздалған жаңа ісік тәрізді өскіннің пайда болғанын сезген. Әр адам өз ағзасына, белгі беруіне ерекше назар аудару керек. Жыл сайын дәрігер бақылауына келіп, скринингтік зерттеуден өткені абзал. Денсаулықтың қадірін тек ауырғанда ғана емес, сау кезде де ескерген жөн, - деді дәрігер онколог М.Ерланқызы.
Айта кетейік, науқастың қазіргі жағдайы бірқалыпты, есепке алып, дәрігерлер бақылауда ұстап отыр.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті ӨКҚ ұсынды