Самал ықшамауданындағы кейбір көшелердің тұрғындары жолдың нашарлығынан зардап шегіп отыр. Жергілікті волонтер-блогер Нұрлан ЖУНАСОВ әлеуметтік желідегі парақшасында тұрғындармен бірге видеоүндеу жариялады. Олар көшеге уақытша асфальт төсеуге уәде етіп, алайда уәдесін орындамаған қала әкімдігіне ренжулі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі бізге хабарлағандай, №23, 25 көшелер, №19 өткел ЖСҚ әзірлеу сатысында. Бас жобалаушы – «Шындау» ЖШС.
«Жоғарыда аталған көшелерден басқа, ондаған жыл бойы асфальт жолдың игілігін көрмеген және жеке тұрғын үй құрылысы мәртебесінің жоқтығына байланысты қазіргі уақытта автомобиль жолдарын салуға жобалық шешім алуға мүмкіндігі жоқ бау-бақша қоғамдастықтарының учаскелерінде қопсытылған материал себу жұмыстары жүргізілді, - деп түсіндірді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Нұрлан Жунасов әлеуметтік желіде 13 қазанда облыстық әкімдік алдына Зарослый ауылы мен Балықшы және Самал ықшамауданы тұрғындарының жиналатыны туралы айтқан видеосын жариялаған болатын. Оның айтуынша, олар инфрақұрылымның жасалуын күтіп шаршаған және жауаптылардың жұмыстан кетуін талап етпек болған. Жунасовқа жолыққанымызда, оған қала әкімдігінен хабарласып, тұрғындардың барлық талабын орындауға уәде бергендіктен, акцияның болмайтынын білдік.
– Кеше әкімдіктен хабарласып, жолды да, жарықты да саламыз деді. Сондықтан тұрғындар әкімдікке бармайды, - деді Н.Жунасов сол кезде «АЖ»-ға.
Бірақ, оның айтуынша, бұл хикаяның ұзаққа созылатынын түсінген ол қала әкімі мен мәселені шешуге жауаптылардың барлығының отставкаға кетуін талап етті. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында осындай жазуы бар плакатты жариялады.
Айнұр САПАРОВА
Әлеуметтік желіден алынған сурет