Атырауда автогаз тапшылығынан сұйытылған газ құю бекеттерінде кезек әлі де бар. Тұрғындар тарапынан газдың иісіне шағым көбейді. Бірнеше көлік жүргізушілері “Ақтөбеден тасылып жатқан газдың сасық иісі бар” деген пікір айтты.
Бекет өкілдері газ жеткілікті, тек тез бітіп қалады, сұраныс артып, тапшылық газ жеткізудің ұзақ уақыт алуына байланысты екенін түсіндірді. Қаланы жайлаған газ иісіне байланысты біз облыстық экология департаментіне комментарий алу үшін хабарластық.
Департаменттің баспасөз хатшысы Эльнара ОРАЛОВАНЫҢ айтуынша, 11 қазанда ауа сынамасын алғанда, ауаға тараған зиянды заттардың шамадан тыс асқаны анықталды.
- “Казгидромет” РМК мәліметтеріне сай 2023 жылдың 10-11 қазан күндері Атырау қаласында орналасқан №109 “Восток”, №110 “Привокзальный”, №108 “ТКА”, №103 “Шағала”, №112 “Акимат”,№113 “Авангард”, №114 “Загородная”, №111 “Жилгородок” атмосфералық ауа сапасын бақылау станцияларында күкіртсутегі ингредиентінен РЕШШ-тен (рұқсат етілген шекті шоғырлану) асу фактілері болды. Ең төменгі көрсеткіш - 0,01 РЕШШ, ең жоғарғы көрсеткіш – 6,1 РЕШШ, - дейді Э.Оралова. - Осы орайда, департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарымен бірлесіп «АМӨЗ» ЖШС-не қарасты «Химпоселок», «Перетаска» және «Мирный» атмосфералық ауа сапасын бақылау станцияларының маңынан сынама алу жұмыстарын жүргізді. Сынама алу жұмыстары күкіртсутек, көмірсутек, бензол ингредиенттеріне жүргізілді. Бұл күндері желдің бағыты оңтүстік-шығыс, атмосфералық ауа температурасы + 9 °С, қысым 767, ылғалдылық 78% және желдің жылдамдығы 2 м/с болды. Нәтижесінде, бензол көрсеткіші – 4,80 (РЕШШ -0,3 мг/м3) , күкіртсутек көрсеткіші - 0,009 (РЕШШ -0,008 мг/м3) көрсетіп, атмосферлық ауада зиянды заттардың рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу фактісі анықталды.
Ауа сынамасының қорытындысы Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ауа ластаушыларға қатысты заңмен көзделген шара алу үшін жолданды.
Айнұр САПАРОВА