Соңғы бірнеше сағат ішінде Израильдің Газа секторындағы әуе шабуылдары салдарынан 51 палестиналық қаза тауып, 281-і жараланды. Бұл туралы Газа Денсаулық сақтау министрлігі хабар таратты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Бұған дейін Палестина жағында мерт болғандар саны 1100-ден асқаны хабарланған болатын.
Израильде ХАМАС шабуылынан кемінде 1200 адам қаза тапты.
Бұған дейін АҚШ, Израиль, БҰҰ және Мысыр Газаға көмек жеткізу және тұрғындардың бір бөлігін босату жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған болатын.
Бірақ қазіргі уақытта Газада бір де бір бақылау-өткізу пункті жұмыс істемей тұр.
Сенбі күнгі ХАМАС шабуылынан кейін Израильмен шекарадағы барлық бақылау-өткізу бекеттері жабылды.
Күні кешеге дейін Газа мен Мысыр арасындағы «Рафах» бақылау бекеті жұмыс істеп тұрды.
Ол жексенбі күні жүк тасымалы үшін ашылды. БҰҰ мәліметі бойынша, азық-түлік, жанар-жағармай және құрылыс материалдары тиелген 200-ге жуық жүк көлігі өткен.
Ол арқылы тәулігіне жүздеген адам өте алады. Олардың бәрі әуелі рұқсат алуы керек.
БҰҰ мәліметінше, дүйсенбі күні Газа секторынан 800-ге жуық адам шығып, 500-ге жуық адам оның аумағына кірген.
Газа шенеуніктері мен мысырлық дереккөздер Reuters агенттігіне хабарлағандай, содан кейін бақылау-өткізу пунктіне әуе шабуылдары жасалған.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлардан Мысырға қайтып бара жатқан жүк көліктері көрінеді.
Содан бері аталған бақылау-өткізу пункті жабылды.