Атырау, 27 қараша 01:19
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырау облысының тұрғындарын не көбірек алаңдатады?

1 114 просмотра

Атырау облысының әкімдігі 2023 жылдың 3 тоқсанындағы облыс тұрғындарының шағым-тілектеріне талдау жасаған файлды жариялады. «АЖ» тіршіліктің қай саласы бойынша азаматтардан көп өтініш түсетінін және жергілікті атқарушы органдардың нақты мәселені шешу үшін қандай шара алып жатқанын анықтауды жөн көрді.

Үшінші тоқсанда барлығы 12 209 арыз-шағым тіркелсе, оның 8 924-і мемлекеттік органдарда, ведомстволық бөлімшелерде және аудан әкімдіктерінде қаралды. Ал жыл басынан бері 29 129 арыз-шағым түскен.

Атырау облысындағы өзекті 3 проблема:

- жер және жерді пайдалану мәселелері;

- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық;

- білім беру.

Жер және жер пайдалану мәселелері

2023 жылдың 9 айында 98 697,9 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер (185 учаске) мемлекет меншігіне қайтарылды. Жыл басынан бері 2 аукционның қорытындысы бойынша 86,8 млн теңгеге жалпы көлемі 35,07 га болатын 68 жер телімі сатылды. Конкурс нәтижесінде жалпы көлемі 53 932,5 гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 123 жер телімі сатылды.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу кезегінде 142 мыңнан астам адам тіркелген (оның 111 526-сы Атырау қаласының тұрғындары). Жыл басынан бері небәрі 760 жер телімі берілген. Өткен жылдардағы деректер: 2016 ж. – 826 учаске, 2017 ж. – 2 455 учаске, 2018 ж. – 1 177 учаске, 2019 ж. – 789 учаске, 2020 ж. – 1 488 учаске, 2021 ж. – 2 716 учаске, 2022 ж. – 2 716 учаске.

Қала мен аудандардың Бас жоспарларына сәйкес 126 елді мекеннің шекарасын белгілеу жұмыстары толығымен аяқталды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық

Атырау облысында баспанаға мұқтаж кезекте тұрғандар саны 29 665. Биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 211 адамды баспанамен қамтуға мүмкіндік туды. 2022 жылдың сәуір айынан бастап «Отбасы Банкі» АҚ арқылы жалдау төлемдерін субсидиялау тетігі іске қосылды, қазіргі уақытта 200 өтініш берушіге төлем жүргізіліп жатыр.

«Атырау жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы бекітіліп, оған жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Бірінші кезеңде 100 жас маманды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланса, қазірдің өзінде 73 өтініш қанағаттандырылып, баспана берілді. Жеңілдік қарастырылған несиеге мұғалім, дәрігер, мәдениет қызметкерлері, спортшылар, жаттықтырушылар, журналистер, ЖОО оқытушылары, ғылыми және әлеуметтік қызметкерлер, жетім балалар мен мемлекеттік қызметкерлер өтініш бере алады.

«Бақытты отбасы – Атырау» өңірлік бағдарламасы бекітіліп, оны жүзеге асыруға 3 млрд теңге бөлінді. Жеңілдікті несие 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 5 пайызбен, 10 пайыздық бастапқы жарнамен беріледі. Бағдарламада кезекте тұрған 170 адамды – көп балалы аналарды, толық емес отбасыларды, І және ІІ топтағы мүгедектерді, жетім балаларды, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қамту жоспарланып отыр.

2011-2022 жылдар ішінде Атырауда  көпқабатты 176 үй күрделі жөндеуден өтті. 2022 жылы 27 үйді жөндеуге республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Биыл 25 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, бірақ бюджеттен қаржы бөлінбеген. 35 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ қосымша әзірленді.

2023 жылы Қызылқоға ауданының 9 елді мекенінде (Аққора, Қоныстану, Қоғам, Кеңбай ауылы, Соркөл, Былқылдақты, Сарқұмақ, Қоңыраулы, Тасқұдық) 1,2 млрд теңгеге сумен қамту жүйелерінің құрылысы және су тазартатын кешенді блок-модульдерді орнату жұмыстары басталды. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Махамбет ауданындағы Бала Ораз, Атамбаев, Көздіқара, Томан, Есмахан елді мекендерін және Құрманғазы ауданы Қошалақ ауылын сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптама қорытындылары алынды. Жоба 2024 жылы басталады.

Атырау қаласы мен Мақат өңірін сумен қамтамасыз ету үшін 5-ші сүзу стансасын қайта жаңғырту жұмыстары басталып, оған облыстық бюджеттен 5,9 млрд теңге бөлінді. Махамбет және Индер аудандарындағы 16 су тазарту нысанын қайта жарақтау жоспарланды.

2023 жылы облысты газдандыруға 1,8 млрд теңге бөлінді: Береке (Атырау), Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай (Қызылқоға ауданы), Қызыл үй, Жасқайрат ауылдары (Исатай ауданы).

Болашақта 20 миллиард теңгеден астам қаражатты қажет ететін «Финская-120» АГРС және магистральдық газ құбыры – «Редут - АГРС «Финская» 120» жүйесін салу қажет.

Электрмен жабдықтауға келсек, тозығы жеткен электр желілері ауыстырылуда. 2020 жылы Құлсары қаласы мен Жамансор ауылында, 2022 жылы Аққыстау ауылында жұмыстар жүргізілді. Биыл Мұқыр, Жантерек, 402 разъезд (ПМС), Доссор елді мекендерінде жұмыстар аяқталды. Жыл соңына дейін Кенбай, Сағыз, Береке, Сарыөзек ауылдарында желі жаңартылады. Атырау қаласындағы, Исатай ауданы Томан ауылындағы, Құрманғазы ауданы Ақкөл, Мақат ауданы Мақат ауылындағы жұмыстар 2024 жылға шегерілді.

Атырау қаласының Нұрсая және Самал ықшамаудандарын электрмен қамту үшін жаңа қосалқы станциясын салуға 2,3 млрд теңге көлемінде қаржы қажет.

Білім беру

Облыстағы 24 колледжде 18 475 студент білім алып жатыр, жатақханадағы орын тапшылығы 150 бірлікті құрайды. 2020 жылы 260 орындық 3 жатақхананың құрылысы аяқталды. Ал қазіргі таңда 550 орындық тағы 4 жатақхана пайдалануға берілді. 2025 жылы Атырау аграрлық-техникалық колледжіне 150 орындық жатақхана салу жоспарланды.

2023-2025 жылдарға арналған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында 12 мектеп салынады. 2023 жылы 9 мектептің құрылысы басталды, олар 2024 жылы аяқталады:

- Атырау қаласы Жұлдыз-2 ықшам ауданындағы 900 орындық орта мектеп;

- Атырау қаласы Жұлдыз-3 ықшам ауданындағы 900 орындық орта мектеп;

- Атырау қаласы Ақсай-2 ауылындағы 900 орындық орта мектеп;

- Атырау қаласы Водников ауылындағы 1200 орындық орта мектеп;

- Жылыой ауданы Құлсары қаласы Атырау ықшам ауданындағы 1200 орындық орта мектеп;

- Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылындағы 600 орындық орта мектеп;

- Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылындағы 600 орындық орта мектеп;

- Атырау қаласы Береке ауылындағы 1200 орындық орта мектеп;

- Атырау қаласы Сарыөзек ауылындағы 300 орындық орта мектеп.

2024 жылы тағы 3 мектептің құрылысы басталып, 2025 жылы тапсырылады:

- Қызылқоға ауданы Сағыз ауылындағы 600 орындық орта мектеп;

- Атырау қаласы Зарослый ықшам ауданындағы 2000 орындық орта мектеп;

- Атырау қ., Ж.Елеусов көшесі, 69 мекенжайындағы 2000 орындық орта мектеп (№11 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің орнына).

Жомарт ӘМІРХАНОВ

11 қазан 2023, 12:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.