Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қыс мезгіліне дайындық жұмыстарын аяқтады. Бұл туралы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жантөре ДЕМЕШОВ мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның айтуынша, қыс мезгіліне дайындық аясында өрт сөндіру бөлімдеріне тексеру жұмыстары жүргізіліп, құрал-жабдықтар мен автокөліктер түгенделген және маусымдық техникалық күтім жасалған.
- Атап айтқанда, барлық өрт сөндіру бөлімінің жылу жүйесіне қысымды тексеру жұмыстары жүргізілді, есік-терезелерін, шығу қақпаларын қымтау жұмыстары толықтай аяқталды, автокөліктердің қымтағыш материалдары, қыздыру лампалары, факелдері, жұмсақ және қатты тростарының жарамдылығы тексерілді. Жалпы облыс бойынша 138 өрт сөндіру техникасы бар, оның ішінде 63 негізгі, 21 арнайы және 54 көмекші құралдар, - деді Ж.Демешов.
Сондай-ақ, жедел-құтқару жасағы мен өрт сөндіру бөлімдерінде ауа райы қолайсыз жағдайда жұмылдырылатын 77 жол талғамайтын автокөлік бар. Атап айтқанда, қала бойынша 42 бірлік, ал аудандарда 35 бірлік қарастырылған.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер