Атырау, 27 қараша 00:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Ылғал» пәтердің тұрғындары енді төзе алмайды

Сурет Бейнежазба
1 253 просмотра

37 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен Авангард-2 ықшамауанындағы №16 үйдің төбесінен жаңбыр жауған сайын су ағады. Бұл мәселе жоғарғы қабаттың тұрғындарын қатты мазалағаны сонша, олар үйдің ауласына жиналып, естір құлаққа жанайқайын жеткізді.

- Баспанамыз жаңарсын деп, 2020 жылы терможаңғыртуға келісім бердік. Бірақ құрылыс жұмыстары сапасыз жүрді. Құрылыс жұмыстары кезінде жұмысшылар вентиляция жүйесін қоқыспен бітеп кеткен. Соның салдарынан қазір пәтерлерде ауа тар. Ең сорақысы 5-қатардағы пәтерлердің төбесінен су ағады. Ал біз осы сапасыз жұмыс үшін ақша төлеуіміз керек пе? Біздің талабымыз - үйдің шатырын дұрыстап жөндеп берсін немесе сапасыз жұмыс үшін ай сайын төлеуді тоқтатамыз, - дейді №16 үйде 50 жылдан бері тұратын Александр ПОТАПОВ.

Тұрғындардың айтуынша, олар кезінде мердігер мекемеден үйді қабылдауға келіспеген:

 – Үш жыл бұрын үй қабылданғанда, тұрғындар қарсы болдық. Бірақ мердігер ретін тауып оншақты пәтердің иесіне қол қойдырып алған, сөйтіп сол жеткілікті болып, үй қабылданып кеткен. Жұмыстардың сапасына қатысты бірнеше рет шағым түсірдік, бірақ еш нәтиже болмады. Ал былтыр мердігердің кепілдік мерзімі өтіп кетті.

Бақтыгүл БОРИСОВА: 

- Күз келгелі балконның есігінен су ағып, үйдің іші ылғалданып, жардағы түсқағаздардың барлығы түсіп қалды. Жатын бөлмеге әлі күнге жөндеу жасамадым. Себебі ылғалды кетіру мүмкін емес. Қызым да осы ылғалдан ауру болды.

«Қалалық тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бұл мәселеден хабардар. Мекеме басшысы Бауыржан ДОКУМБАЕВТЫҢ айтуынша, үйді жөндеумен айналысқан мердігер «Техстрой» ЖШС банкрот деп танылған.

– Мемлекеттік терможаңғырту бағдарламасы бойынша 37 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Жұмыс шынымен нашар орындалған. Біз компания басшылығын сотқа беру үшін іздедік. Алайда ол мекемені де, құжатта көрсетілген тұрғылықты мекен-жайы бойынша мекеме басшысын да таба алмадық, - дейді Б.Докумбаев.

Оның айтуынша, мердігер мекеме табылып, сотқа бергеннің өзінде де құрылыс жұмыстарының кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Сондықтан жергілікті әкімдік тұрғындарға келесі жылы сәуір-мамыр айында демеушілік қаржымен көмектесіп, олқылық кеткен жұмыстарды жасап береміз деп отыр.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

12 қазан 2023, 14:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.