Осы жылдың 9 айында Атырау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 69 тұтынушы «Wildberries» интернет-дүкенінен сапасыз және сапасына сай емес қайтарылған тауарлар үшін төленген қаражаттарын қайтаруға көмектесу туралы өтінішпен жүгінген.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 15 және 30-баптарына сәйкес, тұтынушы сатып алған тауарынан ақау байқаса, оны ауыстыруға, жөндеуге, жеңілдік алуға немесе төлеген ақшасын қайтарып алуға құқығы бар. Заңның 14-бабына сәйкес, сатып алушы тауар берілгеннен кейін 14 күн ішінде қолданылмаған сапалы тауардан бас тартуға құқылы.
Сонымен қатар, интернет-дүкеннің сайтында орналастырылған «Wildberries» ЖШС сауда алаңын пайдалану ережелерінің 9.11-тармағында, егер сатып алушы тауардан бас тартса, сатушы тауарды қайтарған күннен және тиісті талап қойылған күннен бастап 7 күннен кешіктірмей соманы қайтаруға міндетті.
Wildberries интернет-дүкенінің байланыс орталығының өкілдеріне ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес, жеткіліксіз сападағы тауарларды қайтару бойынша өзара есеп айырысу жүргізу кезіндегі тұтынушылардың құқықтары мен сатушының міндеттері түсіндірілген. Нәтижесінде интернет-дүкен жалпы сомасы 1 243 159 теңгеге өтініш білдірген тұтынушылардың барлығына ақшасын қайтарды.
Жомарт ӘМІРХАНОВ