Атырау, 27 қараша 01:19
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​Атырау облысының жылу беру маусымына дайындық жұмыстары пысықталды

501 просмотра
Сурет: Атырау облысының әкімдігі

Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ төрағалығымен өңірдің жылу беру маусымына дайындығы және өрт қауіпсіздігі туралы әкімдік отырысы өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алдымен жиында облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Атырау облысы жылу беру маусымына 97 пайыз дайын. 15 қазаннан бастап орталықтандырылған жылу қазандығынан барлық көпқабатты тұрғын үйге толықтай жылу беріледі.

– Облыста электр қуаты мен жылу өндіруші мекеме «Атыраужылуэлектрорталығы» АҚ-ның қондырғылары 56%-ға тозған. Биыл жоспарланған 3 (№5,8,12) жылу агрегаты жөндеуден өтті. Қазіргі таңда сегізі жұмыс істеп тұр, алтауы резервте. №7 турбоагрегат бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып, іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. №10 турбо агрегаты бойынша жоспарланған жөндеу жұмыстары 8 қазан мен 15 қараша аралығында аяқталады. Сондай-ақ, жаңадан салынған резервтік 65 МВт-ты құрайтын №13 турбо агрегаты 2 қазанда іске қосылды. Мекеменің 2024-2026 жылдарға арналған жоспарына сәйкес 3 (№4,6,7) жылыту қазандығын жөндеу және жаңадан №15 жылу қазандығы мен 25 МВт-ты құрайтын №11 турбоагрегатты іске қосу жоспарланған. Бұл шараларды іске асырғанда тозу деңгейі 2 пайызға төмендейді, - деді А.Кенжебеков.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы баяндама жасады. Ол өз сөзінде өткен жылдың жылу беру маусымында 98 тұрғын үйде өрт болғанын айтты. Өрттің негізгі себептері электр жабдығын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзудан болып отыр.

– 2016 жылғы 31 қазандағы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысына төтенше жағдайларға ден қою органдарының қызметі мәселелері жөніндегі кеңестің хаттамасына сәйкес өңірлердің әкімдеріне елді мекендер шекарасы шегінде газ-техникалық инспекциялар құру тапсырылды. Алайда, бүгінгі күні инспекцияны құру мәселесі ашық және шешілмеген күйінде қалып отыр. Мысалы, қала, аудан әкімдіктерінде құрылған газ-техникалық инспекциясы инспекторларының функцияларын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері атқарады. Бұл ретте аталған тұлғалардың осы бағытта бейімдік білімі, сондай-ақ газ саласында біліктілігі жоқ. Алдағы жылу беру маусымына дайындық аясында «Атырау облысының аумағында 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үй секторында өрт профилактикасы іс-шараларының жоспары» әзірленді. Бұл ретте жұмыстар үздіксіз жүріп жатыр, - деді Н.Жаңабаев.

Жиында Серік Шәпкенов маусымға жауапты сала мамандарын сынға алып, жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар салаға жауапты орынбасары Қайрат Нұртаевқа 2024 жылдың бюджетін бекіткен кезде жылу беру маусымына қаражат толық қаралуын жүктеді. Сондай-ақ халықты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.

– Ауа-райы суытты. Енді алаңсыз жүре алмаймыз. 15 қазанда жылу беру маусымына сақадай сай болуымыз керек. Рас, үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Десе де жылу беру маусымына бес күн қалды. Алда үлкен процестер басталады. Маусым басталғанда апатты жағдай болса, абыройсыз қаламыз. Синоптиктер биыл қыс өте қатты болады деп дабыл қағып отыр. Сондықтан дайындық жұмыстарын күшейтуіміз керек. Бәріңізден соған жауапкершілікпен қарап, кемшіліктерді уақытылы жоюды сұраймын. Себебі оның сұрауы қатты болады. Өткен жылы өзге аймақтарда болғандай кемшіліктерге жол бермеуіміз керек. Енді қалған жұмыстарды орындап, жетіспеген жерді толтырып, абыроймен атқаруды тапсырамын, - деді С.Шәпкенов.

9 қазан 2023, 12:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.