Атырау қаласында аулаларды абаттандыру мақсатында өткен жылы іске қосылған «100 аула» жобасы уақытша тоқтап қалды. Бүгінгі таңда жұмыстардың аз бөлігі аяқталған. Атап айтқанда, Жилгородок, Сарыарқа ықшамаудандарындағы көпқабатты үйлердің ауласында ескі асфальт қана күрелген. Құрылыс жүргізіп жатқан техника көрінбейді.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше былтыр 76 ауланы абаттандыру бойынша ашық электрондық конкурс қорытындысымен «Атырау Көлік» ЖШС және (қаланың сол жақ жағалауындағы тұрғын үйлер бойынша) «Риголит» ЖШС мекемесі жеңімпаз деп танылған.
- Бүгінде құрылыс жұмысында қолданылатын материалдар бағасының айтарлықтай өсуіне байланысты жобаға түзету енгізіліп, сараптамаға жолданды. Сараптаманың оң нәтиже берген қорытындысын алғасын жұмыстар қайта жалғасады, - деді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. - Кейбір аулада басталған жұмыстар биыл толықтай аяқталады. Ал қалған аулалар бойынша жұмыстар 2024 жылы жалғасын табады.
Айта кетейік, жүзеге асырылып жатырған жобаларда тұрғын үй аулаларының автокөлік жолы мен жаяу жүргіншілер жолдарын қалпына келтіру, кеңейту, автотұрақ орнын салу, әсем қоршаулар мен түнгі жарық шамдарын орнату, балалар ойын алаңы, спорттық-жаттығу мен кіші аяқ доп алаңдарын орнату, қоқыс алаңшалары мен қоқыс жәшіктерін орнату және т.б. жұмыстар қаралған.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор