26 сәуір күні «Ақ Желкен» шығармашылық орталығында атыраулық оқушылар мен студенттердің белгілі ақын ҚалқаманСАРИНМЕН (суретте) кездесуі болды.Ақын Атырауға бұдан бір күн бұрын өткен өзінің замандасы, жергілікті ақын Бақытгүл БАБАШТЫҢ шығармашылық кешіне қонақ болып қатысу үшін Астанадан арнайы келген еді.
Қалқаман Сарин – талантты ақындардың бірі. Ол «Қазақстан» телеарнасындағы көңілділер мен тапқырлар клубының «Жайдарман» секілді телевизиялық жобаларына қазылық етуімен әрі «Астана» телеарнасындағы «Кеш емес» бағдарламасының тележүргізушісі ретінде танымал.
Кездесу барысында оқушылар мен студенттер өздері қойған сұрақтарына толық жауап алды. Олар ақынның шығармашылығы мен басқа да түйткілді мәселелер жайлы шынайы әңгімесі мен өте қарапайым болмысын ерекше ұнатты.
Сарин өлеңге тауар деп қарайтын жандарды жиі кездестіретінін әжуамен жеткізді:
- Мен әнші Мейрамбек Беспаевқа сөз жазып берсем, ертесіне танымайтын біреу хабарласып, маған да Мейрамбекке жазғандай өлең жазып беріңізші деп өтінеді. Өлең жазуды бір сөреде тұрған тауарды алып бере салатындай оңай дүние көреді...
Залда отырған студенттердің бірі ақынның «Анашым» өлеңін оқып берді. Ал кейін Қалқаман Сариннің өзі де қатысушылардың өтініші бойынша жаңа өлеңдерінің бір-екеуін мәнерлеп оқыды.
Кездесу соңында жастар ақынмен бірге естелікке суретке түсіп, қолтаңба алды.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ