«АЖ» жақында Алмагүл ықшамауданында жаңбырға қарамастан жұмысшылардың асфальт төсеп жатқаны туралы жазған («Ылғалға төселген асфальт») болатын. Енді қала басшылығынан сауалымызға жауап алдық. Айтуларынша, жаңбыр жауа салысымен жұмыс тоқтатылған.
- Ол кезде мердігер видеода жұмысты аяқтап жатқанын, содан соң жаңбырға байланысты тоқтатылғанын айтты, - деп жауап берді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бұл үлкен келісімшарт бойынша жұмыстың аз ғана бөлігі. Алматылық «SHEBERBUILD» ЖШС компаниясы маусым айында рейтингтік-баллдық жүйе бойынша конкурс өткізу арқылы тендерді жеңіп алды. Жұмыс құны - 2 млрд 333 млн 938 мың теңге. Тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Мердігер Атырау қаласындағы аула аумақтарын абаттандыруға (Алмагүл ықшамауданындағы № 1, 3, 4, 7, 8, 9, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 33 және Аманшин көшесіндегі № 72, 74 үйлер) міндеттелді.
Қала әкімдігі де бұл көлемге жарығын, жаяу жүргіншілер жолын және қоқыс контейнерлерін жаңарту кіреді деп хабарлады. Бұдан басқа, мердігер беседкалар, балалар мен футбол алаңдарын салуы тиіс.
Айнұр САПАРОВА