Атырау, 27 қараша 07:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Алданған көптің үшеуі: «Алаяқтар жазаланып, ақшамызды қайтарсын»

784 просмотра

«АЖ»-ға Асхат СЫДИХОВ, Роман САТАНОВ және Мейірім ЕРМЕКҚАЛИЕВ хабарласты. Осы жылдың ақпан айында олар «WestTransGroup-M» ЖШС рекрутингтік компаниясымен келісімшартқа отырып, айлық жалақысы 420 мың теңге, қауіпті өндіріс үшін қосымша төлемі (лар) 122 мың болатын пикап жүргізушісі қызметіне 14/14 күн вахталық әдіспен жұмысқа орналасу үшін 250 мың теңгеден төлеген.  Бірақ әлі күнге дейін оларға уәде етілген жұмыс ұсынылмаған, ақшасы да қайтарылмаған.

Бұл жағдай туралы сәуір айында жазған едік. Сол кезде 30 адам Атырауға «WestTransGroup-M» ЖШС басшысы Жанна МЕРТЕШОВАҒА наразылығын білдіру үшін жиналып, сол күні оның үстінен Атырау полициясына арыз жазған болатын. Компанияның кеңсесі Ақтөбе қаласында орналасқандықтан, шағымданушылардың бір бөлігі сол жақтағы құқық қорғау органдарына жүгінген. Жарияланымнан кейін Атырауда аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы («Екі немесе одан да көп адамға жасалған алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны белгілі болды. Дәл осындай қылмыстық іс Ақтөбеде де қозғалды. Жанна Мертешова алдымен Ақтөбедегі тергеу изоляторына қамалды, кейін 1 мамырда үйқамаққа ауыстырылды.

4 шілдеде Атырауда тіркелген іс Ақтөбе облысының полиция департаментіне жолданды.

Зардап шеккендер әр өңірдің тумасы. Уәде етілген жалақы мен 14/14 кестесі олардың көңілдерінен шыққан, бірақ өздерін «лақтырып» кетеді деп күтпеген. Солардың бірі, астаналық тұрғын Қуаныш ЖОМАРТОВТЫҢ айтуынша, ол да басқа алғашқы шағымданушылар секілді ақшасын қылмыстық іс қозғалғаннан кейін алған. Енді ол істің сотқа жетуін күтіп отыр. Ал «WestTransGroup-M» ЖШС-нің бұрынғы қызметкері, компанияда аз уақыт онлайн менеджер-кеңесші болып жұмыс істеген алматылық Гүлнұр БАЙҒОЖАЕВА Ж.Мертешова ұсталғаннан кейін оның ұлы өз қалтасынан 50 шақты алғашқы арызданушыға ақшасын қайтарып бергенін хабарлады. Оның айтуынша, Мертешова қамауға алынғаннан кейін ЖШС жұмыс істемейді, есепшоттары бұғатталған.

Редакцияға хабарласқандардың бірі Мейірім Ермекқалиев барлық мән-жайды анықтау үшін Орал қаласынан Атырауға келді. Сондай-ақ қылмыстық істің Атыраудан Ақтөбеге ауыстырылғанын да сол кезде білді. Ал бұған дейін Ақтөбеге барғанымен ол жерден ештеңе анықтай алмағандықтан, енді Атырау полициясына сұрақ қойғысы келеді.

Асхат Сыдихов пен Роман Сатанов әлі жұмыссыз. Екеуі де Исатай ауданы, Аққыстау ауылынан, Асхат кейін облыс орталығына қоныс аударған, қазір осында таксист болып жүр. «WestTransGroup-M» ЖШС-не 250 мың теңге төлеу үшін екеуі де несие алып, әлі төлеп жатыр.

- Біз полицияға арызды басқаларға қарағанда кеш бердік, өйткені әлі де жақсы аяқталар деп үміттендік. Бізге бір аптадан кейін, сосын екі аптадан кейін жұмыс болады деп уәде берді, осылайша айлар өтті, – дейді А.Сыдихов. - Тұрақты жұмыс таба алмай жүрмін. Әзірге таксист болып жүрмін, қалада пәтер жалдап тұрамын. Атырауға еріксіз көшіп келдім, себебі «WestTransGroup-M» ЖШС-не әлі көрсетілмеген қызмет үшін ақша төлегеннен соң олар онлайн шарт жасауымызды талап етіп, көпшілігімізді APEC Training Center оқу орталығына оқуға жіберді. Ол үшін бару-келуге ақша керек қой, сөйтіп несие алдым. Міне, жағдай осылай. Енді 250 мыңымызды қайтарады деп үміттенеміз.

«АЖ» Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты. Олар тергеу жүріп жатқанын, Мертешова әлі үйқамақта екенін айтты.

Қылмыстық іс бойынша 150 жәбірленуші өтіп жатыр, жалпы шығын 37 миллион теңгені құрайды. Қазан айында өндірісті аяқтап, істі сотқа беру жоспарланып отыр.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

19 қыркүйек 2023, 14:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.