26 сәуірде Атырауда жауған жаңбырға қарамастан 30-ға жуық адам «WestTransGroup-M» ЖШС рекрутингтік компаниясына наразылығын білдіруге жиналды. Олар компания өздерін алдады деп есептейді.
Жиналғандардың айтуынша, кеңсесі Ақтөбе қаласында орналасқан компания жұмысқа орналастыру бойынша өз міндеттемелерін орындамай отыр. Алайда олар әлі көрсетілмеген қызмет үшін рекрутерлерге алдын ала көп ақша төлеген. Шарты осындай болды дейді. Кейінірек бұл жерде тағы бір жұмыспен қамту агенттігінің – кеңсесі Атырауда орналасқан «ЛилияБолашақГрупп» ЖШС-нің қатысы бар екенін білдік
АЛДЫМЕН ТӨЛЕМАҚЫ, АЛ ЖҰМЫС – КЕЙІН БЕ?
Жоғарыда аталған екі компанияның клиенттері қатарында Атыраудың ғана емес, облысымыздың аудандарымен қатар еліміздің басқа аймақтарының тұрғындары да бар. Жиналғандар рекрутингтік компаниядан бірнеше жүз адамның зардап шеккенін айтады. Олардың көбі қаржылық қиындықтарға байланысты Атырауға келіп наразылықтарын білдіре алмаған, себебі олар жұмыстарынан шығып кеткен және басқа жұмыс ұсыныстарынан бас тартқан.
Құр уәдеден шаршаған олар енді ақшаларын қайтарғысы келеді, бірақ «WestTransGroup-M» ЖШС басшысы Жанна МЕРТЕШЕВА одан бас тартып отыр. Ал «ЛилияБолашақГрупп» ЖШС өкілі ақшаны клиенттеріне қайтаруға немесе жұмыс ұсыныстарын осы жұмаға дейін күтуге уәде берген.
Айтуларынша, көпшілігі «WestTransGroup-M» компаниясымен келісім-шартқа отырып, әртүрлі орынға жұмысқа орналастыру қызметіне 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін төлеген. Бір қызығы, бірдей жұмысқа, мысалы, құбыр монтаждаушыға компания әртүрлі сома – кейбіреулерінен 150-200 мың теңге, ал енді бірінен 300 мың теңге алған.
Жиналғандардың айтуынша, олар «WestTransGroup-M» туралы өткен жылдың қазан айында білген. Сол кезде WhatsApp мессенджері арқылы осы компанияның менеджерлерінен Мақат ауданындағы Ескене ауылы маңындағы ілеспе газды өңдеу зауытын салу үшін «AS-ER CONSTRUCTION» ЖШС-не жұмысшылар қабылданып жатқаны туралы хабарлама келген. Хабарландыру бойынша ол жерге арматурашылар, бетоншылар, жүргізушілер, электриктер, құбыр жөндеушілер, монтаждаушылар және т.б қажет болған..Ал жалақысы 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейінгі аралықта көрсетілген.
Еске салсақ, Қашаған кен орнындағы ілеспе газ өңдеу зауыты Атырау облысы Мақат ауданындағы «Болашақ» кешенді мұнай-газ дайындау зауытынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым және Ескене теміржол станциясынан оңтүстікке қарай бес шақырым жерде орналасқан. Зауыт 2025 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.
«АҚШАМЫЗДЫ ҚАЙТАРУДЫ ТАЛАП ЕТЕМІЗ»
Үш ай бұрын Атырау тұрғыны Алмат ДЕМЕШЕВ «WestTransGroup-M» ЖШС-не құбыр жөндеуші позициясы үшін 150 000 теңге төлеген. Айтуынша, ол да ақшасын қайтарып алуға әрекеттенген, бірақ әзірге нәтижесіз.
Ал Абылай ӘЛИЕВ бұл акцияға Қызылордадан келіпті. Ол «пикап» жүргізушісі болып жұмысқа орналасу үшін 250 000 теңге төлепті.
- Отбасымыз жұмысқа орналасуымызды күтіп отыр. Ақшаны төрт ай бұрын төледім, бірақ 8-9 ай бұрын ақша бергендер бар. Ал бұл компания, қайсысы жөнінде айтатынымды білмеймін, бәрі бір-бірімен байланысты, тағы адамдар жинап жатқан сияқты, өйткені, мысалы, кеше ғана 1 мамырдан бастап вахтаға қабылдау ашылды. Бұл жерде бірдеңе дұрыс емес, мұны тоқтату керек, шаралар алу керек! Өйткені, мен мұнда алыстан еріккеннен келген жоқпын, – дейді А.Әлиев.
Ал астаналық Қуаныш ЖОМАРТОВ сол күні Атырауға келе алмаған. Бірақ бұдан бұрын «WestTransGroup-M » ЖШС-не Ақтөбе қалалық полиция департаменті мен прокуратурасына директор Жанна Мертешева мен менеджер Әлия Жүнісованың үстінен арыз жазған. Сонымен қатар, ол ҚР Президенті істері басқармасына арызған. Арыз Ішкі істер министрлігіне жолданып, олар оны Ақтөбе полициясына қайта жіберген.
Қ.Жомартов осы жылдың 9 қаңтарында «WestTransGroup-M» ЖШС-мен келісімшарт жасап, 200 мың теңге төлеген. Оның айтуынша, бұл компания оны «AS-ER CONSTRUCTION» ЖШС-не жабдықтаушы ретінде 560 000 теңге + ауысымына 120 000 теңге жалақымен жұмысқа орналастыруға уәде еткен. Вахта кестесі 15/15 болады деп уәде етілген.
Қуаныш «AS-ER CONSTRUCTION» ЖШС-не хабарласқан, алайда ол жерде де жұмыстың басталуы, рәсімдеу барысы, тапсырыс берушінің нақты мекенжайы, деректері және т.б. қатысты нақты жауап ала алмаған.
«Көз бояп, уақытты созу үшін бір күннің ішінде қауіпсіздік техникасы бойынша оқытқан болды, ол үшін мен Астанадан өз қаражатыммен бару-келу билетімді алып, ұшып келдім, баспанамен, тамақпен қамтамасыз еткен жоқ. Әр жолы түрлі сылтау айтады. Полицияға хабарласамыз дегеннен кейін, «AS-ER CONSTRUCTION» ЖШС-нің кадр бөлімі Жанна мен Әлия дегендерді білмейтінін айта бастады (менде жазысқан хат дәлелі бар). Бізде Атырау қаласы әкімдігінің «AS-ER CONSTRUCTION» ЖШС мердігерлер мен қосалқы мердігерлер тізімінде жоқ деген ресми жауабы бар (құрылыс алаңы Атырау облысында орналасқан). Адамдар жұмыс күтіп, басқа ұсыныстардан бас тартты, қарызға ақша алды, несие алды. Ал бұл компанияның менеджерлері әлі күнге дейін адам жинап жатыр, бірақ қайда жинап жақаны белгісіз», - деп жазды Қ.Жомартов өз арызында.
БӘЛКІМ, ПОЛИЦИЯ КӨМЕКТЕСЕР
Атыраудағы акция соңында жиналғандар ақшаларын қайтаруға көмектесіп, «WestTransGroup-M» ЖШС-не шара қолдануды сұрап, полицияға арыз жазды.
«АЖ» «WestTransGroup-M» ЖШС директоры Ж.Мертешеваға хабарласуға тырысты, өкінішке орай, мүмкін болмады. «AS-ER CONSTRUCTION» ЖШС иесі Сейлхан ЖАРДЕМОВ компанияны Ақтоты ҚЫЗЫЛБАЕВАНЫҢ басқаруына бергендіктен бұл тақырыпқа еш қатысым жоқ деп жауап берді. Біз Қызылбаеваны да ұстай алмадық. Ал «Kaz Group Partners» ЖШС атқарушы директоры Жанар СӘРСЕНОВА «WestTransGroup-M» ЖШС клиенттерінен түйіндемелерді алғанын, содан кейін олар мамандық бойынша тестілеуге және қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша оқытуға жіберілгенін айтты. Ж.Сәрсенованың айтуынша, олардың «AS-ER CONSTRUCTION» ЖШС және «ЛилияБолашақГрупп» ЖШС-не еш қатысы жоқ және мердігер компаниялардың өтінімі бойынша өз дерекқорына енгізілген адамдарды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр.
Міне, жұмыспен қамту саласындағы осындай былық – бәрі түсініксіз әрі бұлыңғыр.
P.S.: Бүгін Атырау полициясының баспасөз қызметі ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор