
Қазақстан Президенті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Мемлекет басшысына қазақ тілін заманауи IT-технологиялар мен жасанды интеллектке енгізу туралы баяндалды.
Кездесу барысында Рауан Кенжеханұлы бүгінде мекеме үш негізгі бағыт бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқаны жөнінде хабарлады:
- қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру,
- қазақша мазмұнды байыту
- жаңа технологиялар саласында тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Рауан Кенжеханұлы OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында көлемі 14 миллиард токен болатын мәтін корпусы қалыптасқанын және 12 мың сағат аудиожазба жинақталғанын айтты. Соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тілінде дыбысталып, үлкен экранға шықты.
Сонымен қатар мемлекет басшысына Qazaq Tili Endowment қорының жұмысы туралы мәлімет берілді. Қазір қорға түскен жарна көлемі 824 миллион теңгеге жеткен.
Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызметіне жоғары баға беріп, алдағы жоспарлары табысты болуына тілектестік білдірді.
Президент мемлекеттік тілді үйрету, сондай-ақ ғылыми шығармаларды аудару ісінде жасанды интеллектінің әлеуетін барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті.
В Атырау +5.1