Атырау облысында 2 қыркүйектен бастап жанат тектес иттер, қабан, шілді, ал 15 қыркүйектен бастап үйрек, қаз және қасқалдақты аулауға рұқсат етілген.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Мереке ШАЛҚАРОВТЫҢ айтуынша, биыл облыста аңшылық үшін Жылыой, Исатай және Құрманғазы аудандарында үш жер бекітілген. Аңшылық билет құны 6000-21000 теңге аралығында.
- Аң, құс және балық аулау кезеңі біртіндеп ашылады, - дейді М.Шалқаров. – 1 шілдеден 30 қарашаға дейін шалшықшы құстарды аулауға, ал 20 тамыздан 30 қарашаға дейін кептерлерді аулауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ 2024 жылдың 1 қарашасынан 15 ақпанына дейін түлкі мен қоянды аулауға болады.
Ресми мәлімет бойынша, облыста 6500-ден астам аңшы бар. Алайда олардың 2500-і ғана аңшылықпен белсенді айналысады және облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының мүшелері.
ӨКҚ мәліметінше, өткен жылы 800 аңшы билет алса, биыл 1200 аңшыға билет беру жоспарланып отыр.
Айнұр САПАРОВА