Атырау облысында 2021-2025 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 23 млрд теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде осы жылы 128 жұмыс орны құрылатын 9,4 млрд теңгенің бес жобасы жүзеге асырылады деп күтілуде.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат АЙТҚАЛИЕВ мәлім етті. Оның айтуынша, биыл өсімдік шаруашылығы саласы бойынша 8,2 млрд теңге көлемінде 64 жұмыс орны, мал шаруашылығында 1,1 млрд теңгені құрайтын 60 жұмыс орны және қайта өңдеу үшін сомасы 8 млн теңге болатын 4 жұмыс орны қарастырылған.
Ол осы жылға жоспарланған бес жобаға тоқталып өтті.
- Махамбет ауданында «Айдана Агро» ШҚ-ның жылыжай құрылысы 5,6 га құрайды және жылына 1323 тонна көкөніс жинауға бағытталған. Сегіз млрд теңге көлеміндегі бұл жоба 60 адамды жұмыспен қамти алады. Мал сою пункті және ет өнімдерін өндіру цехы жобасы Жылыой ауданында «Достан Ата» ШҚ-да қарастырылмақ. Жоба құны – 80 млн теңге. Жылына 100 тонна ет шығару көзделген және төрт адам жұмыспен қамтылмақ. Құрманғазы ауданында «Дайнов У» ШҚ ірі қара малына арналған мал бордақылау алаңы 110 млн теңгені құрайды. Жоба қуаттылығы жылына 100 бас. Сонымен қатар он адамға жұмыс орны ашылмақ. Осындай жобалардың бірі Индер ауданындағы «Асыл Агро» ШҚ 500 бас ірі қара малына арналған бордақылау алаңы. Бір млрд теңгені қамтитын жоба жылына 2400 тонна ет шығаруды жоспарлауда. Ашылатын жұмыс орны 50 адамға арналған. Атырау қаласы аумағында «Иманбаев» ЖК 0,9 га жылыжай кеңейту жобасында 12 адамға жұмыс орны ашылмақ. Бұл жоба 250 млн теңгені құрайды,- деді А.Айтқалиев.
Айта кетейік, бұл жобаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жобаларды белгіленген мерзімде іске асыруға тиісті жұмыстар жүргізу ұйымдастырылған. Осы салалар бойынша одан әрі инвесторларды тарту жұмыстары жандандырылмақ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА