Атыраудағы Лесхоз ықшам ауданында заңсыз салынған «Көктем» тұрғын үй кешенін бұзу туралы сот шешімін орындау кейінге қалдырылды.
Еске салсақ, кешенді бұзу сот шешімімен 31 мамырға белгіленген болатын. Енді Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Нариман БИҒАЛИДЫҢ «АЖ» тілшісіне берген жауабына сүйенсек, бұл іс сот орындаушыларының құзырында.
2021 жылы «Көктем» тұрғын үй кешенінің рұқсат құжаттарынсыз салынғаны тексеру кезінде анықталған. Тексеріс ашуға сол үйге көрші тұратын жеке тұрғын үй иесінің өтініші (ГАСК арыз деген сөзді бұрын да, қазір де қолданбады – авт.) себеп болған. Тексеру кезінде құрылыс салушы жеке кәсіпкер «Суханова Т» жауапкершілікке тартылды. Рұқсат құжаттарына қатысты проблемадан соң құрылысты тоқтату керек болған. Алайда, құрылыс салушы бұл талапты елемей, құрылысты жалғастыра берген. Нұсқама мерзімі аяқталғаннан кейін басқарма қайта тексеру жүргізді. Тексеру арысында құрылыс салушының рұқсат құжаттарын әлі ресімдемегені анықталған. Осыған байланысты жеке кәсіпкер қайтадан жауапкершілікке тартылды. Ал кешенді бұзуға үкім шығарылды. Алайда, қазір кешенге қоныстанған тұрғындар пәтерлерінен кетуден бас тартып, бұл мәселе күрделене түсті.
Айнұр САПАРОВА