Украина президенті Владимир Зеленский елдің қорғаныс министрі Алексей Резниковті қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Зеленский 4 қыркүйекке қараған түні Telegram-арнасында хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, енді бұл қызметке мемлекеттік мүлік қорының басшысы Рустем Умеров ұсынылмақ. Оны Украина парламенті бекітуі керек, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
"Алексей Резников бұл қызметте соғыс кезінде 550 күннен аса уақыт жұмыс істеді. Меніңше, министрлікке әскерилер және қоғаммен өзара байланыстың жаңа тәсілдері мен басқа да форматтары қажет" деп түсіндірді Зеленский ауыстыру туралы шешімді.
41 жастағы Умеров Өзбекстанның Булунгур қаласында депортацияланған Қырым татарларының отбасында дүниеге келген. Ол бірнеше инвестициялық қордың басқарушы директоры болған. 2019 жылы Умеров Жоғарғы Радаға депутат болып сайланды. 2022 жылы басқыншылықтан кейін Украинаның Ресеймен жүргізілетін келіссөздер тобына кірді. Сол жылдан бері мемлекеттік мүлік қорын басқарды.
Forbes журналының украин редакциясы өз дереккөзіне сүйеніп, Резников отставкаға кеткеннен кейін Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі болады деп мәлімдеді. Ақпаратқа қарағанда, Зеленский бұл тағайындауға келіскен. Ақпарат әзірге ресми түрде расталмады.
Бұған дейін Алексей Резников жиі сынға ұшырады. 2023 жылы қаңтардың соңында Украина журналисі Юрий Николов зерттеу жариялап, қорғаныс министрлігі әскерге арналған азық-түлікті қымбат бағаға сатып алып отыр деп көрсеткен. Бұл ақпарат қоғамда резонанс туғызып, президент Владимир Зеленский оны жан-жақты тексеруге уәде берген. Резников жемқорлық ісіне қатысы барын жоққа шығарған. Министрдің әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге жауапты болған бұрынғы орынбасары Вячеслав Шаповаловқа қарсы қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған.
Алексей Резников 2021 жылы қараша айында Украина қорғаныс министрі болып тағайындалған. Резниковтің әскери білімі жоқ, кәсіби мамандығы – заңгер. Бұған дейін ол Украинаның уақытша басып алынған аумақтарын реинтеграциялау мәселесі бойынша министр болған.