Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылдық округі аумағындағы екі жайылма учаскеден шамамен 2 млн 700 мың шабақ құтқарылды.
Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құтқарылған балықтар Арал және Бәйтік көлдеріне жіберілді. Аталған көлдердің орташа тереңдігі 2,5-3 метр шамасында және жіберілген шабақтардың емін-еркін өсіп-өнуіне қолайлы. Әкімдіктегілер су айдынының тайыздығы салдарынан өлген екі келідей мөңке шабақтары жойылғанын нақтылады.
Құтқару жұмыстарына МТЗ-82 тракторы тіркемесімен, су тасығыш бөшкелі тіркеме, Hidromek тракторы, Газель автокөлігі тартылып, 6 контейнер, 3 бөшке, 1 мотопомпа пайдаланылды. Аталған жұмыстарға жауапты тұлғалармен қатар, 13 ерікті ауыл тұрғыны қатысты.
Қазіргі таңда, бөлініп қалған екі жайылма толықтай тазартылды,- деп хабалады Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат ИҒАЛИ.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі жолдаған сурет