Түркиядағы ірі жол апатынан қазақстандық екі жасар қызымен бірге және ресейлік әйел көз жұмды, деп хабарлайды haberturk.com.
Ол отбасымен бірге көлік апатына ұшыраған. Қазір жұбайы жансақтау бөлімінде, ұлы ауруханада жатыр.
Айта кетсек, Анталья қаласындағы ірі жол-көлік оқиғасынан үш адам көз жұмып, 17 адам жарақат алды. Оның алтауы Түркия, жетеуі Израиль, екеуі Ресей, екеуі Қазақстан азаматтары екені белгілі болды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев журналистің қазасына қайғырып көңіл білдірді.
"Антальядан суық хабар келіп жатыр... Белгілі журналист, "Зейін Атырау" ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан Антальядағы ірі жол апатына түсіп, өмірден өтті. Әріптесімізбен бірге кішкентай сәбиі де о дүниелік болды. Жолдасы қиын жағдайда ауруханада жатыр. Қазіргі уақытта Түркиядағы Қазақстан елшілігімен арада келісімдер жүргізіліп, ауруханада қиын жағдайда жатқан бауырымыздың тиісті ем алуына жағдай жасалуда. Жерлестеріміздің сүйегін елге алдыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамын" делінген хабарламада.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, оқиға 3 қыркүйекте Аланияда болған. Ведомство қазақстандық дипломаттар бұл отбасының туыстарымен хабар алысып отырғанын нақтылады. "Оларға барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіледі".
"Қайғылы оқиға орнында әйел (1989 жылы туған) мен оның екі жасар қызы қаза тапты. Отағасы, 1986 жылы туған ер адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. 2014 жылы туған ұлы ауруханада жатыр, оның денсаулығы мен өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ".
«Ақ Жайық» газетінің редакциясы марқұмдардың отбасына қайғырып, көңіл айтады.
Сәрсенбіде, 6 қыркүйекте Арайлым Нұғыманованың жолдасы Нұрболат Құрмашев ауруханада көз жұмды деп хабарлады туыстары.