Атырау, 27 қараша 09:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Есбол: балалар апатты мектепте оқуға мәжбүр

Сурет
1 260 просмотра

Индер ауданы Есбол ауылында үш жылдан бері құрылысы бітпей жатқандықтан  мұғалімдер мен оқушылар 87 жыл бұрын салынған апатты жағдайдағы мектепке амалсыз барып жүр.

Естеріңізге салсақ, 2021 жылы басталған 320 орындық мектеп құрылысы 1 млрд 445 млн теңгеге бағаланды. Конкурсты ақтаулық «ОңдасынСтрой» ЖШС жеңіп алған болатын. Осы жылдың сәуір айында облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ ауыл тұрғындарын балалар үшін оқу жылының жаңа мектепте басталатынына сендірген еді.

Алайда, салынып жатқан нысанға барған «АЖ» тілшісі бірде бір жұмысшыны көрмеді. Ал мектептің бір бөлігінің кірпіші қаланып, терезелері салынбаған күйі тұр. Ғимараттың ішінде де атқарылмаған жұмыстар жетерлік екен. Шатыры да толық жабылмаған. Ғимаратта күзетшіден басқа бізді Өзбекстан азаматымен деп таныстырған жалғыз жұмысшы қарсы алды. Ол құрылыстағы проблемалар туралы айтып берді:

- Мен өткен жылдың наурыз айынан бері осында жұмыс істеп жүрмін, негізгі міндетім бетон құю болатын. Бұрын жұмысшылар көп болды, бірақ олар еңбекақы төлеу кешіктірілгесін кетіп қалды... Дүкендерге бережақ болып қалдық. Ақша төлемегесін кім тұрақтайды. Ішкі сылақ жұмысында жүргендер де үш-төрт күннен бері жоқ. Мына жерге щебен төсеп, смоласын құйып қойдық, енді бетон құю үшін техника керек. Сосын жұмыс мүлдем тұрып қалды. Білмеймін, мен де кететін болармын, жалғыз өзім не істеймін.

Құрылыс учаскесінің басшысы Арман ҚАЙЫРЖАНОВ тапсырысшы серіктестікке қаржы аудармағандықтан жұмысшылардың кетіп қалғанын растады. Кейін «ОңдасынСтрой» ЖШС-нің бас инженері Ақан ЛЕПЕСОВ қаржыға бола қиындық туғанын айтты:

- 2021 жылдан бері материалдың бағасы бірнеше есеге өсті. Сол себептен белгіленген қаржыдан гөрі қымбаттау бағаға материалды сатып алуға тура келді. Енді материалдың қымбаттап кетуіне орай қаржыны қайта қарау жөнінде тапсырысшы облыстық құрылыс басқармасына ұсыныс беріп қойдық. Әзірге жауабын алмадық.

-Есбол ауылындағы мектеп құрылысы жүріп жатыр, - дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ. - Бірақ графиктен кешігу бар. Біз мердігер «ОңдасынСтрой» ЖШС-ін мектеп құрылысын тапсыру мерзімін кешіктіргені үшін Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотқа беріп қойдық.

Ал, бүлдіршіндер үйінді астында қалу қаупі бар 1936 жылы салынған ескі мектепке күн сайын барып жүр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

4 қыркүйек 2023, 17:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.