Украина президенті Владимир Зеленский украин күштері алға жылжып жатыр деп мәлімдеді.
"Ештеңеге қарамастан, кім не айтпасын – алға жылжып жатыр және алға жылжып барамыз, ең бастысы осы" деді Зеленский.
Украина әскерінің қайта шабуылға шыққанына үш ай болды, бұған дейін Батыс сарапшылары шабуыл қарқыны "бәсең" деп сынаған, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Зеленский сенбі күнгі сөзінде ешқандай толымды мәлімет айтқан жоқ.
Әскери сарапшылардың айтуынша, кейінгі кезде украин күштері елдің оңтүстігінде – Запорожье облысында Ресей әскерінің логистикалық орталығы Тоқмақ қаласына қарай бағытта едәуір алға жылжыған. Работино ауылындағы ауыр шайқастардан кейін украин күштері оңтүстікке қарай Новопрокоповка және Вербовое ауылына қарай жылжып барады.
Ресейлік әскери блогерлердің жазуынша, украин күштері плацдарм аумағында шабуыл ауқымын кеңейтіп жатыр. Новопрокоповка және Вербовое арасында Ресей қорғанысының "Суровикин сызығы" деп аталып кеткен негізгі бекіністері басталады.
Егер украин күштері ол бекіністерді бұзса, Ресей әскерінің жағдайы қиындауы мүмкін, сол себепті де Ресей қолбасшылығы осы аумаққа майданның өзге бөліктерінен қосымша күштер жіберіп жатыр.
Украина билігі шабуылдың баяу жүріп жатқанын мойындайды, алайда олар бұл әскери қызметкерлердің өмірін сақтау үшін қажет екенін алға тартады. Әскери сарапшылар Украина Ресей қорғанысын титықтатуды көздеп отыр дейді.