29 сәуірде Атырау тарихында терроризмге айыптау ісі бойынша үшінші сот процесі аяқталды.
Алдыңғы екі процесс ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабы бойынша (терроризм) Атырауда бір жыл бұрын өткен еді («"Торпедаларға" айналу ақиқаты» жарияланымын қараңыз). Онда 23-34 жас аралығындағы 47 адам жалпы және қатаң режимдегі колонияға 5-тен 15 жылға дейінгі мерзімге сотталған болатын. Олардың арасында Өзбекстанның екі азаматы, Қарағанды мен Ақтөбе облысының екі тұрғыны болды, қалғандары - Атырау облысынан.
Бұл жолы Атырау қаласының, Жылыой, Құрманғазы және Қызылқоға аудандарының 16 тұрғыны айыптау орындығына отырды. Биылғы жылдың 13 ақпанында олардың ұсталғандығы туралы облыстық прокуратура баспасөз-релизін таратып, онда, атап айтқанда: «Атырау облысында лаңкестік топ анықталып, залалсыздандырылды. Бұл топтың мүшелері құқыққорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы бірқатар террористік актілер жасауды жоспарлаған» деп хабарланған еді.
29 сәуірде барлық 16 сотталушыға түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыру үкімі шығарылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және жоғарғы сот сатысына шағым жасай алады. Сотталушылардың нақты қандай әрекет жасағандарын және олардың әрқайсысы қандай мерзімге жаза алғандығы туралы толық ақпаратты алу әзірге мүмкін болмады. Сотта оны таяу күндері ұсынуға уәде берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ