Жабық сот процесі кезінде сот ғимаратының жанында тұрған сотталушылардың туыстары.Осыдан бір жыл бұрын арнайы жасаққа қарулы қарсылық көрсеткен жиһадшылар көшбасшыларының бірі Сергей ЛИДІҢ қазасымен аяқталған лаңкестікке күдіктелген ондаған жас жігіт қамауға алынған болатын.
Ал 2012 жылы сәуірде Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты террористік актілерді дайындауға және қаржыландыруға қатысқаны үшін 42 адамды ұзақ мерзімге (5-тен 12 жылға дейін) соттады. Сот жабық өтті, үкім мәтіні заңды күшіне енгеннен кейін де жұртшылыққа беймәлім болды. Біз бүгін сот ісі террорлық деп таныған Атыраудағы діни радикалдар тобының қызметінен кейбір көріністерді назарларыңызға ұсынамыз. Түсінікті себептерге байланысты, сот материалдарын пайдалана отырып, мүмкіндігінше нақты детальдарды, мекен-жайларды және т.б. атамауға тырыстық.
БАРЛЫҚ ӘРЕКЕТ ЖАЗЫЛҒАН
Тергеу ісі қажетті заттай айғақтарды, сараптама қорытындыларын, куәлік жауаптарын, телефон тыңдалымдарын, агентуралық аудио- және бейнежазбалары бар бақылау материалдарын, тергеуге алынғандардың электронды хаттарын және т.б. ұсынып, көп еңбектенді. Сотқа берген өз жауаптарында айыпталушылар, әдеттегідей, өз әрекеттерінің террористік сипатын теріске шығарды, бірақ көбінесе тергеу ұсынған жекелеген фактілер мен эпизодтарды мойындады.
Кейбір сотталушылар (42 адамның 10-12-сі) шетелдегі атыраулық мұсылмандарға ақша жібергендерін немесе аударғандарын ғана мойындап, олардың террористік әрекеттеріне қатысты шүбә келтірмегендіктерін растады. Алайда сот олардың жиһадшыларға көмегі саналы түрде жасалды деп есептеді (ал айыптау ісі дәлелдеді). Қалай болғанда да, «Халифат сарбаздары» лаңкестер деп танылғандықтан, бұл әрекет терроризмді қаржыландыру деп бағаланды. Біздің мәліметтеріміз бойынша, бұл «демеушілер» қазір колониядағы ерекше бойұсынғыштығымен, тазалығымен және бейбіт тәртібімен ерекшеленетін тұтқындардың қатарында екен.
САУАЛНАМА
42 сотталушының (олардың бәрі қазақтар, тек жергілікті бір әзірбайжан ғана бар) 36-сы Атырауда және облысымызда дүниеге келіп, өсіп-өнген, қалғандары Қазақстанның басқа аймақтарының тумалары. Бесеуі – жоғары білімді, қалғандарының білімі орта. Бәрінің дерлік жасы 30-ға жетпеген, екеуінің жасы 31-де, тағы екеуі – 36 мен 43-те. 42-нің 28-і – жұмыссыздар, қалғандары – жеке кәсіпкерлер (сауда, телефондарды жөндеу және т.б.), тек 2-3-і ғана жалдамалы жұмыс істеген. Ал бұрын біреуі ғана сотталған.
КЕЛІМСЕКТЕР
Сотталушылар үшін арнайы қарауыл қойылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі, атыраулық молданың куәлік жауабы:
«2003 жылы Атырау қаласына Шымкенттен ұлты өзбек АБДУЖАППАРОВ Абдухалил «Иманғали» орталық мешітінің медресесіне дәріс беруге келді. Ол келгеннен кейін Атырауда салафизм ағымының ізбасарлары пайда болды. Сол 2003 жылы Шарифолла есімді жеке кәсіпкер Жұмыскер поселкесінде «Ат-Тақуа» мешітін салып, сол мешітке Абдужаппаров имам болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына бұл мешітті тіркеген жоқ. Кейінірек әділет органдарына «Дарус-Салам» діни бірлестігі тіркеліп, «Ат-Тақуа» мешіті сол бірлестіктің құрамында тіркеусіз жұмыс жасай берді.
2004 жылы Абдужаппаров шетелге кетіп, өз орнына шымкенттік МАҚҰЛБЕК Мейрамбек есімді молданы тағайындайды. Мақұлбексалафиттік үгіт-насихатты жалғастырып, жас діндарлар қатарын көбейтті. Жастар намаз оқымайтын қазақтарды «кәпірлер», «мұнафықтар», «мүшріктер» деп атап, басқаша көзбен қарай бастады. Олардың мінез-құлықтары мен әрекеттерінде қатыгездік байқала бастады. Мешітте «Фатиха» сүресін оқығаннан кейін «Әумин» деп айқайлай дауыстап, намаз оқыған кезде аяқтарын алшақ қойып, құбылаға қарап аяқтарын созып отырады, қатты күліп, дабырлап сөйлейтін. Намаз оқып болғаннан кейін мешіт ішінде «пайғамбарымыздың сүннеті» деп бір-бірімен алысатын. «Ат-Тақуа» мешітіне келуші жастар шалбарларының балақтарын тобығынан жоғары шолтитып, сақал жіберді. Мақұлбектен білім алған жастар өз ата-аналары мен ұстаздарын «кәпірлер» деп айыптап, «кәпірлерге» «жиһад» жариялап, халифат мемлекетін құруды» ұсынды.
2007 жылы шілдеде әділет органдарында «Дарус-Салам» қоғамдық бірлестігі заңға қайшы деп танылып, сол қоғамның қызметіне тыйым салынды. Мақұлбек Шымкентке кетіп қалып, кейінірек сол жерден қылмыс жасағаны үшін (соның ішінде террористік сипаттағы) ұсталып, 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен сотталды.
Арнайы қызметтер Мақұлбекті (діни лақап аты Абдулазиз) «Әл-Каиданың» құрамына кіретін халықаралық «Ислам жиһадының одағы» террористік ұйымының шабарманы деп есептейді.
ЖҰМЫСКЕР МЕШІТІНДЕГІ ХАЛИФАТ САРБАЗДАРЫ
Жиһад ұғымындағы салафизм ағымына тым беріліп кеткен «Ат-Тақуа» мешіті жамағатындағы 9 жас жігіт 2008 жылдан бастап Ауғанстан аумағында болып жатқан әскери қимылдарға моджахедтерді жақтап қатысу үшін Солтүстік Уәзірстанға (ауған-пәкістан шекарасы) кету идеясын ойластыра бастады. Бұлар - Нұрлан Әліпов, Арман Батырқайыров, Рүстем Жұмабаев, Дамир Зналиев, Елдос Күншығаров, Орынбасар Мұңатов, МаратӨтеғалиев, Ринат Хабидолла, Үсен Шылмановтар.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2008 жылы олар Атырау қаласынан «Қазақ Ислам жиһады» (ҚИЖ) деп аталатын жасырын террористік топ құрып, бұл топқа Атырау облысынан жас салафиттердің бір бөлігі тартылған.
2008-2011 жылдар ішінде ҚИЖ құрамына болашақ 42 айыпталушы мен Сергей Ли де кірді.
ҚИЖ тобының негізін қалаушы 9 тұлға «Иттихад әл-Мүслимин», «Ондық» және «Ли тобы» деп аталатын үш дербес террористік топ құрып, әрқайсысы өз бетінше, бірақ ҚИЖ-дың басшылық етуімен әрекет еткен. «Ли тобында» адам саны аз белсенді топ болған. Ал «Ондық» тобы, мәселен, негізінен Авангард, Жилгородок, Ескі әуежай, Ескі базар, Привокзальный ықшамаудандарында, Жұмысер поселкесінде мекендеген жастар мен жасөспірімдерден құралған.
2008-2011 жылдар аралығында ҚИЖ-дың негізін қалаушы 9 тұлғаның барлығы негізінде жалданбалы сарбаз ретінде Қазақстан аумағынан тысқары ауған провинциясы Солтүстік Уәзірстанға шығып кетеді. 2011 жылдың жазында «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») деп аталатын халықаралық террористік ұйымға бірігіп, өздері Атырауда ұйымдастырған террористік топтарға басшылық етуді жалғастыра берді.
Тергеу ісі Атыраудағы радикалды салафиттік астыртын топты басқару жеткілікті жүйеге келтірілген деп есептейді. ҚИЖ бен «Халифат сарбаздарының» негізін салушы 9 тұлғаның шетелде болса да, атыраулық астыртын топтарға ықпал етуге жеткілікті беделдері мен техникалық мүмкіндіктері болғаны туралы едәуір дәлелдер ұсынылды. Бірақ көп ақшасы болмаса басқаларға қалай ықпал ете алады? Бұл «сарбаздар» тергеу материалдарына қарағанда, орташа ауқатты атыраулық салафиттердің жәрдем ақшаларымен өмір сүріпті. «Әл-Каидадан» немесе ЦРУ-дан ешқандай миллиондаған қаржылар түспеген.
ЖӘРДЕМ АҚША
«Иттихад әл-Мүслимин», «Ондық» және «Ли тобы» топтарының жетекшілері мен мүшелері террористік мақсатқа 2009-2011 жылдар ішінде шетелде жүрген «Джунд әл Халифат» басшыларына олардың террористік әрекеттерін қаржыларындыру ретінде, сондай-ақ өз қажеттіліктері үшін (соның ішінде пәтерді жалға алуға, қару, оқ-дәрілер мен қолдан жасалатын жарылыс құрылғысының жиынтықтарын алуға, тамақ, киім, құрылыс материалдарын сатып алуға) 21 млн 412 мың 775 теңге жинап, аударған немесе беріп жіберген және жұмсаған.
ШАЙТАН СОЛ МАҢДА
Куәгерлер мен айыпталушылардың жауаптары арқылы жастарды астыртын топтарға тарту қалай жүргізілгенін елестетуге болады. Салафиттік ағымдағы замандастарымен танысып, содан кейін мешітке барып, әдебиеттер оқып, роликтер көруі, ал ең бастысы - пікірлестерімен үнемі тығыз байланыста болуы «көздерінің ашылып», көзқарастарының дұрыстығына көз жеткізуге көмектескен. Ақиқаты осы, барлық сұрақтарға жауап бар, бұл жерде ғибадат ету, бауырластардың қайырымдылығы және өзара қол ұшын беру, адалдық бар. Ал ол жақта – шайтан үстемдік етеді, Аллаға серік қосады, жұмыссыздық, өшпенділік, надандық жайлаған. Сөйтіп жас жігіт жаңа достарымен дін туралы, шайтанның арам ойларын, мүміндердің жұмақққа баратындықтарын, кейде шамаларына қарай мұқтаж мұсылмандарға, қудалауға түскен мұсылмандардың әйелдері мен балаларына көмек ретінде ақша беретіндіктерін, ақшамен көмектесу, әсіресе шетелдегі моджахедтерге ақша жіберу қажеттігі сәл қиындықтар туғызатынын, өйткені олар үшін ақшаны тұрақты түрде, әжептәуір сомада беріп отыру керектігін үнемі құлақтарына сіңіріп айта береді.
Айтпақшы, моджахедтерге ақшалай көмек көрсету – жасырын топ мүшелерінің хаттары мен айыпталушылардың жауаптарында кең таралған әңгіме. Пікірлестерінің мұқтаждықтары үшін ақша аударатын қайырымдылық жүйесі имандары әлсіз «бауырларын» сұрыптаудан өткізіп, осылайша ұйымды нығайтты деп жорамалдауға болады. Жиһад үшін бесінші рет немесе жиырмасыншы рет ақша берген жас жігіттің мұның жай ғана кәпірлердің надандығы туралы жағымды әңгіме ғана емес, әріге тереңдеген сайын қайтымсыз сипаттағы әрекеттер екенін түсінбеуі мүмкін емес. Осы жолда шайтанды кезіктіру мүмкіндігі өте зор.
Алайда ең батыл әрі бір ізбен жүретін астыртын топ мүшелері алған бағыттарынан таймады.
ГРАНАТА ДӘЛЕЛ БОЛАДЫ
Мерт болған Сергей Лидің үйі.Істе 12 эпизод суреттелген. №9 эпизод Алмалы селосының маңындағы жағдаймен байланысты. «Ли тобының» мүшелері – Лидің өзі, Нұрғалиев, Қадырбеков, Мамедов, Құрманғазиев 2011 жылдың 1-29 тамыз аралығында Атырау қаласының базарларынан сатып алынған жиынтықтардан 12 жарылыс құрылғысын қолдан жасаған.
2011 жылдың 20 тамызында шамамен сағат 16-да Ли, Нұрғалиев, Мамедов және Қадырбековтер сынап көру үшін қолдан жасалған 4 жарылыс құрылығысын далалыққа алып шығады. Олар біреуін жарып, екіншісін жаруға дайындалып жатқан кезде учаскені аралап жүрген полиция майоры А.М. мен капитан И.А. оларға жақындап келген. Олар құжаттарын көрсетуді талап етеді. Алайда Ли мен Мамедов құжаттарының жоқтығын айтып, бас тартады. Сол кезде полиция қызметкерлері жерде жатқан пакеттен 2 күмәнді затты байқап қалады. Майор ІІД кезекші бөліміне қоңырау шалып, полиция жасағын шақыруды ұйғарады.
Осы кезде Ли сөйлесейік деген сыңаймен майорды әрігірек алып шығып, Ф-1 қол гранатын көрсетеді. Полицейлер кетіп қалады. Бірақ өздерімен бірге пакеттегі қолдан жасалған екі жарылыс құрылғысын алып үлгеріп, ІІД-не жеткізеді.
ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ
Әскери қызметкер Р.А.-ның куәлік етуінше, 2011 жылдың тамызында ол Атырау қаласына жіберіліп, 29 тамызда Сергей Лиді ұстау операциясына қатысқан. Р.А. оның үйінің маңында торуылдап отырған. Шамамен сағат 12.30-да Ли есік арқылы артқы аулаға шығып, торуылда отырған сарбаздардың жанынан өткен. Оларды көрмей тоқтап, сөмкесінен шолақ қару алып, оны оқтап, қолына граната алыпты. Біреулердің бар екенін сезіп қалған Ли әрірек қашып, олар жаққа қарай екі жарылыс құрылғысын лақтырады да шолақ мылтықтан екі рет оқ атады. Р.А-ның сол қолына бытыра тиеді. Осы кезде оның қасында тұрған әскери қызметкерлер Лиге кері оқ жаудырып, оны жаралайды. Сол кезде Лидің қолындағы бұлар жаққа қарай лақтырмақшы болған граната жарылып, ол жарылыстан сол жерде көз жұмады.
АДАСҚАНДАР
2011 жылдың 16 тамызында Қазақстаннан тысқары жүрген «Джунд әл-Халифат» ұйымының мүшесі Р. Хабидолла интернет арқылы «Иттихад әл-Мүслимин» тобының әміршісі Н-вқа және оның наибы Е.Х-ға қарулы жиһад идеясының зиянды екендігі туралы уағыз айтушы танымал діни қайраткер Ринат ЗАЙНУЛЛИНДІ (лақап аты Әбу Мұхаммад әл-Казахстани) өлтіруді ұйымдастыруға тапсырма береді. Р. Хабидолла Н-ваға Алматы қаласына барып, Р. Зайнуллиннің жүретін бағытын, күн тәртібін, баратын жерін зерттеп, оны өлтіруді жүктейді. Р. Зайнуллин тұрғылықты мекен-жайында болмаған жағдайда Н-в Атырау қаласында оның інісі Наил ЗАЙНУЛЛИНДІ өлтіруі тиіс болады.
Р. Хабидолла оларға ақша беруге, құжаттармен, Қазақстаннан тысқары жерлерден бассауғамен қамтамасыз етуге уәде береді.
2011 жылдың 24 тамызында Н-в мен Е.Х. Н-в жалға алған пәтерге «Ли тобының» мүшесі К-вты шақырып, ағайынды Зайнуллиндерді өлтіруге азғыра бастайды. Сотта К-в оларды өлтіруден бас тартқанын растайды.
28 тамызда атышулы жаппай тұтқындау нәтижесінде Н-в мен Е.Х. ұсталып, олардың террористік әрекеттері тоқтатылды.
Шетелде жүрген «Халифат сарбаздары» тобының мүшесі Д. Зналиев Сұлтанғалиев, Сагенов және Усабековтен тұратын атыраулық басқа топқа Алматыға барып, діни уағызшы Ринат Зайнуллиннің көзін жоюға тапсырма береді. Сагеновтың берген жауабы бойынша, ол Сұлтанғалиевпен және Усабековпен бірге 2011 жылдың 9 қыркүйегінде пойызбен Алматыға барып, сол жерден пәтер жалдап, содан соң интернет арқылы Зналиевпен байланысқа шығып, Зайнуллинді таппадық деп оны алдапты. Олардың оны өлтіру ниеттері болмағандықтан, тіпті оны іздемеген де екен.
Сотқа және тергеуге ағайынды Зайнуллиндер өздерін өлтіргісі келгендердің бәрін кешіретіндіктерін айтып, адасқан жиһадшылардың көзқарастарын өзгертуге тырысты. Оларды шынымен де, өз қауіпсіздіктерінен гөрі, мұсылмандардың амандығы көбірек мазалайтын секілді.
ҚҰПИЯ ОРЫНДАҒЫ БОМБАЛАР МЕН БЛИНДАЖДАҒЫ ҚАЛБЫРЛАР
2011 жылдан бастап шетелде жүрсе де Атырау қаласында негізін салып кеткен террористік топтардың қызметіне жетекшілік етуді жалғастырған «Халифат сарбаздары» топ мүшелерін радикалдау процесі аяқталды деп есептеп, терактілер жасауға дайындала бастайды.
«Ли тобының» жауынгерлері «Джунд әл-Халифат» басшыларының бірі БАТЫРҚАЙЫРОВТЫҢ нұсқауына (онымен Ли интернет арқылы байланысып отырған) сай әрекетіп етіп, Атырау қаласындағы ІІД мен ҰҚКД әкімшілік ғимаратын жаруды жоспарлай бастайды. 2010 жылдың ақпанында Ақтөбе облысының Алға ауданының Бестамақ ауылында тергеумен анықталмаған тұлғадан олар 800 долларға Макаров жүйесінің тапаншасын 15 патронымен сатып алады. 2011 жылдың шілде-тамыз айларында Ли Ф-1 қол гранатын сатып алып, сондай-ақ, 20-калибрлі сыңарауыз аңшы қаруын және оған 44 патрон дайындайды. Сонымен қатар «БОРЗ» тапанша-пулеметін сатып алады.
2011 жылғы тамыздың алғашқы күндерінде бомба дайындайтын зертхана ретінде пайдаланылған пәтер бір айға жалға алынады.
Лаңкестік актілерін қасиетті Рамазан айы аяқталғаннан кейін қыркүйекте атыс қаруы мен қуаттылығы жоғары қолдан жасалған жарылыс құрылғысын пайдаланып жүзеге асыру жоспарланады.
Топ мүшелері 12 жарылыс құрылғысын дайындап, оның 3-уін Атырау – Орал автотрассасының бойындағы ашық учаскелерде (Алмалы, Бугорки және Редут поселкелерінің төңірегінде) сынақтан өткізген. Ал қалған 9-ын жалға алған пәтерлерде және Тасқала поселкесінің маңында жарақталған арнайы құпия орында сақтапты. Бұдан басқа, Алмалы жақтағы тоғай алқабының учаскесінде жасырын блиндаж жабдықтаған. Лаңкестік актілері жасалғаннан кейін жасырынамыз деген мақсатпен блиндажқа қалбырлар, жартылай дайындалған өнімдер түріндегі азық-түліктер қорын, ауыз су, киім-кешек, көрпелер және т.б. апарып қояды.
Алайда 2011 жылдың 29 тамызында арнайы операция барысында топ басшысы Ли белсенді түрде қарулы қарсылық көрсету кезінде қаза болып, террористік топ мүшелері ұсталды.
ӘЙТЕУІР ТІРІ ҚАЛДЫ
Жиһад жасау идеясына әбден берілген ӘУБЕКЕРОВ деген тұлға Атырау қаласындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің №2016 әскери бөліміне шабуыл жасауды ұйғарады. Осынау көзсіз ниеті туралы ол өз жолдасы, «Иттихад әл-Мүслимин» тобының мүшесі Б-вқа айтады. Ол бұл ақпаратты Пәкістандағы «Джунд әл-Халифат» басшыларының бірі Р. Хабидолламен байланысып тұратын Н-в дегенге жеткізеді. Ал ол Б-вқа Әубекеровті өз тобына тартып, жарылыс ісіне үйретуге тапсырма береді.
2011 жылдың маусымында Әубекеров 2008 жылы №2016 әскери бөлімшесінде әскери борышын өтеген мектепте бірге оқыған жолдасы Е-впен қайтадан байланыс орнатып, Е-втің айтуынша, әскери бөлімше нысандарының сызбасын жасақтап, қызмет тәртібін, қару-жарақ бөлімінің орналасқан жерін және т.б. анықтап білген.
Қажетті жиынтықтарды сатып алған ол қолдан жасалатын жарылғыш құрылғыларын дайындауға, қару-жарақ табуға кірісіп, екі сыбайласымен бірге СМП-163 маңында бомбаны сынақтан өткізіп үлгереді.
2011 жылдың 28 шілдесінде Н-в Пәкістандағы Р. Хабидолламен интернет арқылы кезекті байланысқа шыққаннан кейін оған Әубекеровтың басқа екі шейітпен бірге №2016 әскери бөлімшесіне шабуыл жасауға дайын екендіктері туралы хабарлайды. Алайда Р. Хабидолла қыркүйекке дейін күтуге бұйрық береді.
Бірақ...тағы да күш құрылымдары кедергі болды ма? Олай емес, бұған жиһадшылардың ақымақтығы себеп болған. Әубекеров пен оның серіктерін «Сәт» азық-түлік дүкеніне қарақшылықпен шабуыл жасағандықтары үшін полицей құрықтайды. Бұл қылмыстық істегі жеке, бірақ назар аударуға тұрарлық эпизод.
2011 жылдың 2 тамызында Аубекеров топтың басқа екі мүшесімен (әскери бөлімшеге шабуыл жасаулары тиіс тұлғалармен) бірге «кәпірлердің мүлкін иелену» актісін (амалият) жүзеге асыруды ұйғарады. Өйткені дүкенде спирттік ішімдіктер мен темекілер сатылатын. Сыбайластар қарауылдап тұрады, ал Аубекеров бетперде киіп алып, қолына пневматикалық тапанша ұстап, дүкенге кіріп барған. Сөйтіп ол жерден 8 000 теңгені, 20 350 теңгеге Activ, Beeline және Kсell кәртішкелерін, сондай-ақ сағыздың 5 байламын алып кетеді. Бірер күннен кейін олар ұсталып қалады. Осылайша шекара жасағының маңында ажал құшпақ болған әрекеттері іске аспады.
«ТОРПЕДА» БОЛМАҢДАР
Ислам жерінде халифат жуық арада орнай ма? Мұсылман халықтары бәсекелесіп, жауласуды қашан қояды? Егер бұл туралы «Джунд әл-Халифаттағы» біздің қазақ жігіттерінен сұрар болсақ, олар не деп жауап берер еді? Бәлкім, былай деуі мүмкін (атыраулық пікірлестерінің Р. Хабидолламен жазысқан электронды хаттардан):
«Сіздер ол жерде не боп жатқанын, мені не үшін өзбектерге қарсы деп түсінбей жүрген боларсыздар. Құлақ салыңыздар, мен өзбектерге қарсы емеспін, егер олар шынымен де жихадты қаласа, мен олармен бірге болар едім. Бірақ бұл жерде біршама уақыт болдым және сіздер білмейтін заттарды білемін.
Егер сіздер білсеңіздер, онда бұл жерге келгілеріңіз келмес еді. Аллаһ мұсылмандардың жағдайын жақсарта көрсін, бұл жерде әрбір үлкен топ өз пайдасын іздейді, басқа нәрселерге қарамайды.. Егер топ үшін соғыс тиімді болса – «жиһад, жиһад» ұрандатады. Ол жерде дін қарындастар болса, өз қалаған нәрселеріне қол жеткізсе – қазір соғысып қажет емес, сабыр ету керек деп айтады.
Өзбектер тек Өзбекстанға қарсы өз мүдделері үшін ғана жұмыс жасайды. Қазақстан олар үшін демалыс орны ретінде керек. Егер бүгінде қазақтар өзбектерді көшіріп жіберіп, қазір оларға жасағандай етіп олардың жолдарын жауып тастаса (соңғы жаңалықтарды қарасаңыздар, өзбектерді қуып жіберген), олар бірден «жиһадты» бастау керек дегенді ауызға алады. Ол жердегілер зұлымдар, Қазақстан үкіметі «кәпірлер» деп, біздің қазақтарды «торпедалар» секілді (опат болу үшін) жіберетін болады.
Ал біздің (қазақстандық) биліктермен келісімге келсе, соғыспаған дұрыс дейді. Ол жерде жергілікті мұсылмандарға не болатынын олар (өзбектер) ойламайды. Егер соғысты бастаса ақырына дейін жеткізу керек, егер ондай ниет жоқ болса – құйрықты қысу керек. Біздің биліктер өзбектерді жайына қалдырады, бірақ бүкіл жергілікті мұсылмандарды қыспаққа алады. Әріден ойланыңыздар, мүджаһидтер әртүрлі, уаллахи, бұл жерге келгенде бір фильмде айтылатын «Біреулер соғысты аңсайды, біреулер елін аңсайды» деген сөздер есіме түскен еді.
Біз өз аумағымызды өзіміз бақылауға тиіспіз, сондықтан бір нәрсеге келісім бермес бұрын ойланыңыздар. Бәлкім, біреулеріңіз, әне тағы мылжыңдауды бастады ма деп айтарсыздар. Бірақ, уаллахи, мен бұрын бір нәрсені айтқанда, ешкім тыңдамайтын, ал содан кейін айтқанымдай боп шығатын. Енді құлақ салатын кез келген шығар. Бізге біреудің қолында ойыншық немесе «торпеда» болмай, өзіміз «көтеріліп», өзіміз «басқаруымыз» керек. Өзбектердің арасындағы қазақтар қазақ болудан қалған, бәрі де өзбек болып кеткен. Олар сол жердегі саясаттың қандай екенін өздері көріп отыр, бірақ ешқандай шара алмайды. Өйткені ол жерде біреуінің әйелі өзбек, біреуіне ақшаны өзбек береді.
Біздің мұсылмандардың жағдайы осындай. Мұның шеңберден (жамағаттан тысқары) шықпағанын қалаймын. Бұл маған зиянын тигізуі мүмкін деп емес, мұның «жиһадқа» зияны тиюі мүмкін деп қорқамын. Адал мұсылмандар көп, олардың мүджаһидтер туралы түсініктерін бұзғым келмейді».
Ақиқатында – «торпеда» болмағың. Тірі «торпедалар» - бағалы тауар, қашан болса да сатып алушылар табылады. Ал болашақта сатып алушылар идея ұстанған жұмыскерлік кедей «халифат сарбаздары» емес, өте ауқатты, құдіретті, мейірімсіз және арсыз адамдар болуы мүмкін.
«АЖ»редакциясы