Швецияның Мальмё қаласында қасиетті Құранды өртеуге қатысты тағы бір акция өтіп, оның соңы тәртіпсіздікке ұласып кете жаздады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жергілікті SVT телеарнасының хабарлауынша, Құран өртеу акциясын бұған дейін де осындай акция асап аты шыққан Салван Момика ұйымдастырған.
Полицияның мәліметінше, діни кітапты өртемек болған адам да, оған шабуыл жасамақ болғандар да ұсталған.
«37 жастағы Салван Момика жергілікті уақыт бойынша 14:00 шамасында Вернхемсторгет көшесінде Құранды өртеген. Ер адамның әрекетін көруге 200-ге жуық адам жиналған. Олардың бірі арандатушыны тоқтатуға тырысқанымен, оны полиция ұстап әкетті», - делінген хабарламада.
Полиция бірнеше адамды ұстады, олардың арасында Момиканың өзі де полиция бөліміне жеткізілді.
«Біз мұны ерекше оқиға ретінде қарастырамыз, қазір болған оқиға туралы ешқандай ақпарат жариялай алмаймыз», - деді Швецияның оңтүстік аймағы полициясының өкілі Рикард Лундквист.
Тақырыпқа орай: Құранды өртеу әрекеті: Қазақстан БҰҰ қарарына теңавтор болды
Еске салсақ, Ирак елінен келген мигрант Салван Момика 28 маусымда полицияның рұқсатымен Стокгольм орталығындағы Медборъярплатсен алаңында Құран парақтарын өртеген болатын. Ол сондай-ақ Ирак пен Иран елшіліктерінің, сондай-ақ парламент ғимаратының алдында осындай акциялар өткізді. Оның үстінен араздық туғызды деген айыппен қылмыстық іс қозғалған болатын.