Атырауда Қазақстандағы бұрғылау саласының қалыптасу және даму тарихы туралы кітап жарық көрді. Мұнда жуырда өзінің жарты ғасырлық мерейтойын атап өткен атақты Балықшы барлау бұрғылау басқармасы (ББББ) жөнінде айтылған.
«Кітап жазу идеясы 2008 жылы құрылған «Бұрғышы-72» қоғамдық қоры құрылтайшыларының басқосуларының бірінде пайда. Бұл жиында мерейтойды лайықты атап өту мәселесі талқыланды. Біз, бұрғылаушы-ардагерлер жобаның барлық ұйымдастырушылық және қаржылық жағын өз мойнымызға алып, бастаманы қызу қолдаған «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» сервистік бұрғылау кәсіпорны» ЖШС (ББББ мирасқоры) басшылығына жүгіндік», - дейді кітап авторларының бірі, ардагер-мұнайшы Төлеген БАЙЗАҚОВ (1985-1987 жж. ББББ басшысы).
Кітапқа Төлеген ағадан бөлек «АЖ» редакциясында ұзақ жыл қызмет еткен Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА мен әріптесіміз, өлкетанушы Лев ГУЗИКОВТІҢ еңбегі сіңді.
Кәсіби мереке – ҚР Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні қарсаңында «БУРБ - КМГБ: Путь к успеху» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Шараны ашқан «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау СБК» ЖШС бас директоры Дінмұхамед ШӘРІПБАЕВ ардагерлер мен кәсіпорын ұжымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, олардың кітаптың жарық көруіне қосқан үлесін атап өтті.
«Мұнда біздің ардагерлеріміз – дарынды мамандар мен өндірісті ұйымдастырушылар туралы естеліктер ерекше құндылыққа ие, жерастының жаңа көкжиегін игеруге қатысушылардың биік рухты атмосферасын сезінуге көмектеседі. Бұл саналы ғұмырын қиын да өте қызықты бұрғылаушы мамандығына арнаған жандардың естелігі, - деп атап өтті Д.Шәріпбаев. - Бұл жерде біз жоғары кәсіби шеберлік, таңдаған ісіне адалдық туралы, жер қойнауы ізашарларының құнды жаңалықтары туралы, олар қандай қиындықтарды жеңіп, қандай қиындықтарға тап болғаны туралы әңгімеленеді».
Кітапта XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың бірінші жартысындағы Жайық-Ембі өңірінде еліміздің мұнай өнеркәсібінің пайда болуының негізгі тарихи кезеңдерімен қатар, ББББ ұжымының және оның негізінде құрылған кейінгі кәсіпорындардың қатысуымен мұнай-газ кен орындарының ашылуы туралы баяндалады.
«Маған кітап жазу жұмысына қатысу ұсынысы түскенде, қуана қабылдадым. Қателеспеген екенмін. Туған өлкемнің тарихы туралы білімімді арттырып қана қоймай, мұның бәрін оқырмандармен бөлістім. Осы жобаның арқасында қызықты жандармен, кітапта сипатталған оқиғалардың куәгерлері ғана емес, отандық мұнай өнеркәсібінің тарихын жасаған мұнайшылармен кездесу бақытына ие болдым, - дейді Л.Гузиков.
Бұрғылау секілді ерекше, кәсіби салаға қарамастан, кітап қарапайым, қолжетімді және түсінікті тілде жазылған. Басылым бірегей фотосуреттермен безендірілген және қалың оқырманға арналған. Сонымен қатар, Д.Шәріпбаевтың айтуынша, кітапты қазақ және ағылшын тілдеріне аудару жұмысы қолға алынып, көпшілікке қолжетімді болу үшін интернетке жарияланады.
Елена СҮНДЕТОВА
«ҚазМұнайГаз-Бұрғылау СБК» ЖШС ұсынған сурет