Қызылқоға ауданында биыл 60 пәтер сатып алынбақ.
- Бес санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындарға 35 пәтер беріледі, - деп хабарлайды Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. - Олар жетiм, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II-дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ҚР заңнамасына белгіленген тәртіпте жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Д.НЫҒМЕТОВТІҢ айтуынша, кәсіпкерлер жеке қаражаттарына үйді салып, мемлекетке өткізеді, одан соң сатып алу үрдісі жүреді. Сондай-ақ ол, дайын жалдамалы пәтерлер сатып алынса да, жалға алу ақысын субсидиялау жүйесі тоқтатылмайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, аталған пәтерлерді сатып алуға жергілікті бюджеттен 595 млн теңге қаржы жұмсалып отыр. Сатып алынған әр пәтердің аумағы 100 шаршы метрді құрайды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА