Әлеуметтік желіде атыраулық блогер Рүстем БАЯЗИЕВ облыс әкімдігінің шенеуніктерін қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланды деп айыптаған видеоролик тарады.
Бейнежазбада балабақшадан шыққан балалы әйелдің 066AS06 мемлекеттік нөмірі бар қызметтік көлікке мінген сәті түсірілген.
Ғаламторда резонанс тудырған жарияланымға Атырау облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида АХМЕТОВА: «066AS06 мемлекеттік нөмірі бар көлік облыс әкімдігіне емес, «Amanat» партиясының облыстық филиалына тиесілі. Бұл мәселе Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің бақылауында» деп комментарий берді.
Бұл көлік «Amanat» партиясы Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла ИДРИСОВҚА бекітілген, деп хабарлады редакцияға ақпарат көзі.
«Amanat» партиясы мүшелерінің әдеп кодексінің 1.14-тармағында партия мүшелеріне партиялық лауазымдарын мүліктік немесе мүліктік емес пайда алу мақсатында пайдакүнемдік мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Ал мұны бұзу ескерту, сөгіс немесе партиядан шығару түріндегі партиялық жауапкершілікке әкеп соғады.
Редакция осы оқиғаға байланысты «Amanat» партиясының орталық аппаратына өз сауалын жолдайды.
Жомарт ӘМІРХАНОВ