Жастарды «Жасыл ел» еңбек жасағына уақытша маусымдық жұмысқа тарту үшін облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлу жоспарланған.
- Сондай-ақ, республикалық көңілді тапқырлар клубы ойындарына облыс намысын қорғайтын командаларды дайындау үшін «Көңілді тапқырлар клубы» қозғалысын дамытуға 15 млн теңге бөлу жоспарланды, - деді облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім ДОСҚАЛИЕВА мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тақырыптарына қатысты өткен отырыста.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әділ ЖОЛАМАНОВ балалар әдебиетін дамыту, балалардың қызығушылығын ояту мәселесіне ден қоюды ұсынды.
- Қазіргі таңда балалар әдебиетін жандандыру мәселесі өзекті. Балалар әдебиетінде жаңа есімдер пайда болып, тың тақырыптағы ертегілер кітабы жарық көруі үшін «Ертегі - даналық айнасы» атты республикалық балалар шығармашылығының ертегі байқауын ұйымдастыру жоспарланып, оған 14 млн теңге бөлу қарастырылып жатыр, - деді Ә.Жоламанов.
- Кез-келген жоба нақты бір мәселені шешу үшін туындауы керек. Нашақорлық, лудомания, экология мәселелерін шешу бойынша жаңа жобалар ұсыныңыздар. Одан соң, «Жасыл ел» бағдарламасын трансформациялау қажет. Бұл жұмыстарда тек «көшет егу» деген ұғымнан бас тартып, креативті бағыттарды ашуға тиіспіз. Жастарды археологиялық, педагогикалық, құрылыс салаларына тартып, жазғы лагерьлер аясында жұмыс істеу жүйесі ұйымдастырылуы қажет, - деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ жолдаған суреттер