Атырауда облыстың Төтенше жағдайлар департаменті батырларды марапаттады. Солардың бірі Жылыой ауданының тұрғыны Манарбек ҚАРТАБАЕВ «Суда батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.
Оқиға осы жылдың 4 маусымында болған еді. Тұрғызба ауылының 7 адамнан тұратын отбасы (3 ересек, 1 ұл, 3 қыз) ауылдың жанында орналасқан Жем өзеніне шомылуға аттанды. Шомылу кезінде күтпеген жерден балалардың бірі терең шұңқырға түсіп, суға бата бастады. Қасында болған ағасы оны құтқаруға тырысқанымен, өзі бата бастайды. Жағада тұрған үш апалы-сіңлілі бір-біріне жабысып, суға батып бара жатқан бауырларын құтқаруға тырысады. Бірақ алыс болып, оларынан түк шықпайды. Қыздар бар күшімен айқайлап, көмекке шақыра бастайды. Бақтарына қарай, осы кезде сол маңда өзенге кілем жууға келген ерлі-зайыпты Қартабаевтар болды. Балалардың дауысын естіген Манарбек ойланбастан көмекке жүгірді. Бірнеше минут ішінде сол жерге жетіп, суға секіріп, алдымен бірін, содан кейін екінші баланы құтқарады. Су ішінде есеңгіреп қалған апалы-сіңлілі қыздарды да жағаға шығарады.
– Манарбек Жайманұлының жылдам әрі шебер әрекетінің арқасында бұл оқиға қайғылы жағдайға жеткен жоқ, – деді құтқарушылар құрметпен марапатты лайықты жанға табыстау кезінде.
Шара аясында ТЖД қызметкерлерінің арасынан адамдарды құтқару күнделікті ісіне айналған басқа да батырлардың есімі аталды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ТЖ жолдаған сурет