Атыраулық дзюдошы Айболат Ыстыбай Хорватия астанасы Загребте өткен Гран-при сериясындағы халықаралық турнирдің қола жүлдесін жеңіп алды. 66 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған спортшымыз турнирде 5 жекпе-жек өткізіп, оның бірінде есе жіберіп алды. Турнирде Айболат Украина, Латвия, Әзірбайжан және Кипр өкілдерімен жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті. Турнирге әлемнің 83 елінен бес жүзден астам татами шеберлері қатысты. Қазақстан қоржынына 2 қола алқа салынды.
***
Кореяның Чунчон қаласында таэквондодан G2 класындағы «Korea Open-2023» халықаралық турнирі өтті. Қазақстан құрамасы 4 алқа жеңіп алды – бір күміс және 3 қола. Соның ішінде бір қола Атырау облысы құрамасына тиесілі. Оны 67 келіге дейінгі салмақта Жансель Дениз жеңіп алды.
***
Шымкентте кикбоксингтен ҚР чемпионаты өтті. 3 алтын, 3 қола алқа жеңіп алған облыс құрамасы жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Жандос Назарбеков, Нұрсұлтан Жұмабаев және Гүлбану Саматова чемпион атанды; қола жүлдегерлер – Әсет Темірбаев, Алексей Төрехан және Сапарғали Арслан. Осылайша ел чемпионы атанған үш атыраулық биыл қараша айында Португалия астанасы Лиссабон қаласында өтетін әлем чемпионатына аттанады. Бұл туралы облыстың бас бапкері Данияр Юсупов Facebook желісінде хабарлады.
***
Астанада джиу-джитсудан ұлдар, қыздар және жастар арасында әлем чемпионаты аяқталды. Турнирге 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысты. Атырау облысынан ел намысын 1 алтын, 5 күміс, 11 қола алқа жеңіп алған Алғабастағы №3 жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері қорғады. Азамат Манашев чемпион атанды. Нұртас Тағанов, Ару Сексенбаева, Дана Қалақова, Досымжан Мереке және Нұрай Алдоңған финалға шығып, шешуші шайқаста есе жіберіп алды.
***
ТМД елдерінің ІІ ойындарында жүзуден Қазақстан құрамасы 2 күміс және бір қола алқа жеңіп алды. 100 метрден 4 аралас эстафетада атыраулық жүзуші Дарья Чеснокова өзін жақсы көрсетті. Ол турнирден қола алқа иеленді.
***
Тамыз айының басында Ереванда Армения Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Г.Царукянның жүлдесі үшін самбодан халықаралық турнир өтті. 58 келіге дейінгі салмақта атыраулық Қайырберді Айдынбай күміс жүлдегер атанды. Айта кетейік, Қ.Айдынбай қазіргі Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
***
Еркін күрестен 17 жасқа дейінгі спорттық ауыл жастары арасындағы ел чемпионатында өнер көрсету нәтижесі бойынша Атырау облысының құрамасы үшінші орынды иеленді. 65 келіге дейінгі салмақта Аманғали Әлфараби, 71 келіге дейінгі салмақта Ербол Маратұлы Қазақстан чемпионы атанса, 45 келіге дейінгі салмақта Аслан Ғалымжанов күміс алқа жеңіп алды. 80 келіге дейінгі салмақта Бекхат Таңатар, 92 келіге дейінгі салмақта Арсен Курбенов және 110 келіге дейінгі салмақта Ғибрат Ляш қола жүлде иеленді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ