Кеше Атырауда ҚР Конституциясы күніне орай 10 шақырымдық жүгіру марафоны өтті. Ерлер мен әйелдер арасында көршілес Оралдың желаяқтары жүйрік атанды.
Додаға барлығы 800-ге жуық адам қатысты. Шараны ұйымдастырушы - Атырау облыстық дін істері бастармасы мен «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры. Олардың ақпаратынша, 50 жасқа дейінгі қатысушылар, жасы 50 жастан жоғары қатысушылар, қыздар арасында 1,2,3-орындар табысталып, сондай ақ «Ең жас қатысушы», «Ең жасы үлкен қатысушы» секілді бірнеше номинациялар табыс етілген. Ал ең бірінші болып мәре сызығын марафонға қатысу үшін Орал қаласынан келген 34 жастағы Жарас АЙТУАРОВ кесіп өтті:
- Мен әуесқой спортшымын. Бірақ еліміздің барлық марафондарына қатысуға тырысамын: мен үшін бұл қашан да үлкен қуанышты оқиға. Атыраудағы марафонға үшінші рет келіп тұрмын. Атыраулық әуесқой спортшылар Орал қаласына да келіп жатады. Бұл жақта жыл сайын марафонға қатысушылар саны артып келетіні қуантады.
Айта кету керек, Жарас былтырғы марафонда да 1-орын алған. Қыздардың ішінде де Оралдан келген қонақ бірінші болып мәреге жетті.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор