Биыл облыста көліктердің қатысуымен 49 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 12-сі газ баллонмен жабдықталған.
Соңғы жылдары Атырау облысында газ баллон жабдықтарымен жұмыс істейтін көліктердің әсерінен адам өлімі мен материалдық залалға әкеп соқтыратын түрлі төтенше жағдайлардың туындау қаупі бірнеше есе артты.
- Мұндай өрттердің негізгі себептері газ баллонды жабдықты «қолдаy» орнату және біліктілігі жоқ мамандардың технологиялық процесті сақтамай жасауы салдарынан туындайды, - деп мәлімдеді Атырау облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Даурен БЕРДЕНОВ баспасөз брифингінде. - Оған қоса тиісті қызмет көрсетілмегеннен де орын алады. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес жер бетінен төмен орналасқан автотұрақтар, жабық үлгідегі үй-жайлар мен паркингтерде газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған автомобильдер тұрағының болмағаны абзал. Осыған байланысты ТЖМ 25-26 тамызда Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «Газбаллон» профилактикалық іс-шарасын өткізгелі отыр.
ТЖД оқырмандарды газ баллон жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарының тұрақты пайдалану барысында қандай да бір құқық бұзушылықтары туралы «101» және «112» диспетчерлік қызметіне хабарлауды сұрайды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет