Кеше М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында мұғалімдердің республикалық тамыз кеңесі өтті. Жыл сайын дәстүрлі кеңес биыл онлайн режимде өтіп, 20 өңір шараға онлайн байланыс арқылы қосылды.
Мұғалімдер талқылаған басқа да мәселелермен қатар, ең көп талқыланған тақырыптардың бірі - оқу жылының аяқталу мерзімі болды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА жаңа оқу жылы қайтадан 25 мамырда аяқталатынын мәлім етті.
- ...Менің ойымша, министрліктің шешімі дұрыс болды, бірақ асығыс қабылданды. Осыған байланысты келе жатқан оқу жылын 34 апталық оқу жылына қайтару дұрыс деп есептеймін, - деді ол.
Үш сағатқа созылған кеңесте мұғалімдердің мәртебесін көтеру, бала қауіпсіздігін сақтау, ерекше балаларды оқытуда жаңа методика пайдалану, мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алу, бейнебақылау камераларын орнату, интернетпен қамту, техникалық жарақтандыру мәселелері талқыланды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ жауапты сала мамандарына балалардың аутоагрессивті мінез-құлқының алдын алу үшін психологтардың арнайы орталықтарын ашуды тапсырды. Сонымен қатар білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мемлекеттік сатып алу қызметі орталықтандырылатынын айтты.
- Біздің басты мақсатымыз - мектептерде білім алуға қолайлы орта қалыптастыру. Облыста 4 апаттық, 11 үш ауысымдық мектеп бар. Осы жылдың соңына дейін 3 апатты мектептің мәселесі толық шешіледі (біреуінен басқасы – авт). Алайда барлық білім ордасын зерделей отырып, кей мектептерді апатты мектеп санатына көшіріп жатырмыз. Ал үш ауысымдық мектептерде білім алып жатқан оқушы санын екі есеге қысқартамыз. Сондай-ақ мектеп салуға қызығушылық білдірген кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсетеміз. Ерекше балаларды оқытуда да мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін арнайы курстарға жіберіп, жаңа методика бойынша жұмыс істеу керек. Мемлекеттік қызметте де әр басқармадағы басшы мен мамандарды жұмыстан қысқартып, босаған штат бірліктерін білім беру басқармасына бердік. Себебі мектеп директорлары мен мұғалімдері басқа қызметтен босатылуы тиіс.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ жолдаған суреттер