30 тамыздан бастап скутерлер мен самокаттарды дұрыс пайдаланбағандарға айыппұл қарастырылады.
- Аталған көлік құралдарының саны халық игілігіне көп жаратылуына орай күннен күнге артуда. Бұл көліктердің халыққа тигізер пайдасы мол болғанымен, оны тиімді әрі дұрыс пайдаланбасақ, әкелер зардабы да көп болады, - деді Атырау облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Аманжол ЖҰМАЛИЕВ. - Соған байланысты «Жол қозғалысы туралы» заңға бірқатар түзетулер енгізілді. Мәселен, самокат пен мопед құралын бір қолмен басқаруға болмайды. Оған қоса, самокат бір адамға арналғандықтан, онымен қосымша жолаушы тасымалдауға тыйым салынады. Жүргізуге кедергі келтіретін жүктерді тасымалдауға және мопедпен немесе велосипедпен сүйретуге арналған тіркемелерді жалғауға тыйым салынады. Сонымен қатар аталған көлік құралдарын басқару кезінде жүргізушінің басында арнайы шлем болуы міндетті.
Айтпақшы, арнайы бас киімсіз ұсталған жағдайда 5 АЕК айыппұл көзделген. Сонымен қатар жол жүрісі туралы заңда көрсетілген өзге де талаптарды орындамаған жағдайда ӘҚБтК-нің 620-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта самокат немесе мопедпен автокөліктердің жолымен жүру кезінде жылдамдық 25 километр сағаттан аспауы керек. Ал жаяу жүргіншілер жолымен өту кезінде сағатына 6 километр жылдамдықтан аспауы керек.
Айта кетейік, самокатты немесе мопедті автокөлік жолымен басқару кезінде басқарушы тұлғаның қолында міндетті түрде жүргізуші куәлігі болуы керек. Аталған көлік құралын кез келген санаттағы жүргізуші куәлігімен басқаруға болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет