Естеріңізге сала кетсек, күні кеше 33 жастағы Азамат Табынбаевтың туыстары із -түссіз жоғалып кеткен адамның суретін жариялауды өтініп, "АЖ" редакциясына өтінген еді.
Қарындасымен соңғы рет Мұқыр ауылынан Атырауға келгенде-мыс сөйлескен. Ол вокзалда тұрғанын айтып, Нұрсая ықшамауданындағы үйіне жетіп алу үшін такси күтіп тұрғанын хабарлаған. Сондай-ақ ол ауылда төбелесіп, таяқ жеп қалғанын да айтқан. Сол сөйлескеннен кейін телефоны өшіп қалып, туыстарымен байланысқа шықпаған. Полиция қызметкерлері абоненттің нөмірі орналасқан жерді тексергенде, оның телефоны соңғы рет Атырауда емес, Қызылқоға ауданындағы «Ембімұнайгаз» мекемесінің аумағында қосылғанын көрсетті.
– Азамат Мұқыр ауылынан 70 шақырым жердегі «Мәтен» шаруа қожалығынан табылды. Ол аман-есен, мал азығын дайындауға көмектесіп, қосымша табыс табуды ойлаған. Мобильді байланыс нашар болғандықтан, ол бізге хабарласа алмаған. Қожалық басшысы ғаламтордан Азаматты іздеп жатқанын көріп, маған телефон шалды. Ол бұрын-соңды бұлай хабарсыз кетпейтін, оның ішімдікке әуестігі де жоқ. Баламды табуға көмектескен редакцияға алғысым шексіз, - дейді С.Табынбаев.
Соққыға жығылғаны расталмады, денесінде ешқандай жарақат жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА