АҚШ қаржы министрлігі Қазақстан, Ресей және Словакияда тіркелген үш компанияға санкция салды. Бұған олардың Солтүстік Кореямен байланысы себеп болған. АҚШ билігінің мәліметінше, бұл фирмалар Ресей мен Солтүстік Корея арасында қару тасымалдау бойынша келісімдерге көмектескен, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Санкция тізіміне 2018 жылы Астанада тіркелген қазақстандық Defense Engineering компаниясы, бұған қоса, ресейлік ООО "Верус" және словакиялық Versor компаниясы енген.
Олардың біріне словакиялық кәсіпкер Ашот Мкртычев иелік етеді. АҚШ қаржы министрлігінің түсініктемесінде Мкртычев өз компаниялары арқылы Ресей өкілдерімен Солтүстік Кореядан Ресейге 20-дан астам қару түрлерін тасымалдау бойынша келіссөз жүргізгені жазылған. Осылайша АҚШ-тың Солтүстік Кореяға салған санкциясын бұзған.
Әзербайжанда туған, Словакия азаматтығы бар Мкртычевтің өзі 2023 жылдың 30 наурызынан бері АҚШ санкциясына ілінген.
АҚШ қаржы министрінің орынбасары Брайан Нельсон АҚШ "Солтүстік Корея қаруын Ресей әскеріне тасымалдауға үлес қосқан заңсыз қаржы желілерімен күресе береді" деді.
- Совет одағы құлағаннан кейін бірқатар әскери техника мен қаруға ие болған Қазақстанның 1999 жылы МиГ-21 жойғыш ұшағын Солтүстік Кореяға сатпақ болғаны анықталып, халықаралық дау туындаған.
- Сол оқиғадан кейін Қазақстан ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев және қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев отставкаға кеткен. Жойғыш ұшақты заңсыз сату ісі бойынша Қазақстан қарулы күштері бас штабының жетекшісі Бақытжан Ертаев сотқа тартылды. Оған "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылып, сот арқылы ақталып шықты. Тағы бір кәсіпкер Александр Петренко "контрабанда" бойынша айыпталып, екі жыл түрмеге кесілді, рақымшылықпен сот залынан босап шыққан.