2023 жылғы 20 маусымда «КҚК-Қ» АҚ Атырау облыстық мәслихатының Экология, табиғатты пайдалану және аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Арман Хайруллиннен «қаланың солтүстігінде орналасқан мұнай айдау стансасы мен резервуарлар паркі маңында ауа сынамаларын алу жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру» туралы хат келіп түсті. 21 маусымда бұл өтінішке рұқсат беріліп, режімді нысан ретінде МАС-қа кіру тәртібі түсіндірілді. Қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс жүргізу құқығын беретін мемлекеттік лицензиясын, атмосфералық ауа сапасын өлшейтін аналитикалық зертхананы аккредиттеу аттестатын, атмосфералық ауа сапасын өлшеу аспаптарының тексерілгендігі туралы сертификаттарын уақытында жіберу керектігі айтылды.
КҚК-ның барлық өндірістік нысандары, соның ішінде МАС-тар –режімді аумақтар. Бұл ҚР нормативтік-құқықтық актілерімен және ішкі регламенттермен реттелген. МАС-та физикалық және өндірістік қауіпсіздіктің ерекше режімі бар. МАС аумағына кіру бекітілген процедураға сәйкес жүзеге асырылады.
2023 жылғы 14 тамызда «КҚК-Қ» АҚ-ға Арман Хайруллиннен «Атырау қаласына жақын орналасқан нысандарға кіріп, аралауды ұйымдастыруды» сұраған екінші хат келді. Бұған 15 тамызда рұқсат берілді. 17 тамызда «Атырау» МАС-қа Атырау облыстық мәслихатының депутаттары бар бір топ азамат келіп, кәсіпорын аумағына кіргізілді. КҚК аймақтық менеджері Мұхит Мәженов келушілерге МАС-тың барлық нысандарын, сорғы және резервуар паркін көрсетті. Келушілер өз жабдықтарымен атмосфералық ауа құрамына өлшем жүргізді.
КҚК – ірі мұнай тасымалдаушы кәсіпорын. «Атырау» МАС – Теңіз -Новороссийск құбыры жүйесіндегі екінші маңызды станса. Мұнай өндіруші не өңдеуші нысан емес, ауаға көп мөлшерде зиянды заттар шығармайды. Ол жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдап, Теңіз кенішінің шикізатын транзиттік тасымалдауды іске асырады. МАС-та орнатылған сыйымдылығы 20 мың тонна болатын 4 резервуар тығыздығы жоғары заманауи бекітпелері бар қалқыма қақпақтармен жабдықталған. Бұл әдеттегі стационарлық қақпақтарға қарағанда, мұнай буының атмосфераға шығуын 99%-ке төмендетеді. Мұнай осы резервуарларға қабылданады, бірақ мұнда сақталмайды. Тіректі сорғылар арқылы магистралдық сорғыжайға айдалады. Өнеркәсіптік жабдықтар электр қуатын сыртқы көздерден алады.
«Атырау» МАС-та шаруашылық-тұрмыстық және өнеркәсіптік-нөсерлік сарқындыларды тазартудың жоғары тиімді жүйесі қолданылады. Тазарту құрылғылары жоғары дәрежеде автоматтандырылған. Олардың технологиялық тізбегінде резервуарларда алдын ала статикалық тұндыру, арынды флотациямен физикалық-химиялық тазарту, 5 сатылы фильтрмен қосымша тазарту, сондай-ақ ультракүлгін қондырғыда зарарсыздандыру қарастырылған. Балық шаруашылығында қолданылатын ШРК мәніне дейін тазартылған су сүзілуге қарсы экранмен жабдықталған 4 секциялы буландырғыш тоғанға келіп түседі.
Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 400-VIЗРК Экологиялық кодексінің және БҚ 52.04.186-89 «Атмосфераның ластануын бақылау бойынша нұсқаулық» талаптарына сәйкес атмосфералық ауа сапасын өлшеуді тек лицензиясы мен аккредиттеу аттестаты бар сертификатталған зертханалар жүргізеді.
«КҚК-Қ» АҚ нысандары аумағында тоқсан сайын өндірістік экологиялық бақылау: бақылауға жататын стационарлық көздерден атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарылуын аспаптық бақылау, СҚА шекарасындағы атмосфералық ауаның ластану деңгейін аспаптық бақылау жүргізіледі. Атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын аспаптық өлшеуді «ЛабСЭМ» ЖШС санитариялық-экологиялық мониторинг зертханасы орындайды. Аспаптық бақылау арқылы СҚА шекарасында атмосфералық ауаның ластану деңгейінен асу жағдайлары тіркелмеді. 2022 жылы барлық мұнай айдау стансаларының іс жүзіндегі шығарындыларының жиынтығы 2245,686 тоннаны құрап, рұқсат етілген шығарындылар нормативінен (РШН) аспады. «Атырау» МАС бойынша 2022 жылға белгіленген шығарындылар лимиті – 2117,5274 тонна, 2023 жылға – 2245,2024 тонна. Іс жүзіндегі шығарындылар көлемі 2022 жылы 933,054 тонна, 2023 жылдың 1-тоқсанында 246,310 тонна болды.
Каспий Құбыр Консорциумы – Қазақстандағы ірі салық төлеушілердің бірі: 2022 жылы «КҚК-Қ» АҚ 37,5 млрд теңге немесе 82 млн АҚШ доллары көлемінде салық төледі.
КҚК Атырау облысында білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік бағдарламалар саласында қайырымдылық жобаларды тұрақты қаржыландырып келеді. Жақында жүзеге асырған ауқымды қайырымдылық жобалардың бірі – 2021 жылы ашылған Отбасылық үлгідегі балалар ауылы мен Жасөспірімдер үйі. 2022 жылы Талғайран ықшамауданында 900 орындық мектеп құрылысы басталды. «КҚК-Қ» АҚ 2001-2022 жылдар аралығында қайырымдылық жобаларына 12 млрд теңге (28 млн АҚШ долларынан аса) жұмсады. Тек 2022 жылы осы мақсатқа 2,8 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді.
Ашық халықаралық компания ретінде КҚК барлық мүдделі тараптармен ашықтық принципін ұстанады әрі заңнамалар мен қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, қоғаммен өзара байланысын нығайтуға мүдделі.
Анықтама:
КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағында шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылып жатқан энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобаның бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы – 1 511 км. Бұл бағытпен Қазақстанның экспортқа шығарылатын мұнайының үштен екісінен астамы, сондай-ақ ресейлік, соның ішінде Каспийдегі кен орындарынан шыққан шикізат тасымалданады. КҚК теңіз терминалы үш шығарылатын айлақ құрылғысымен жабдықталған, олар танкерлерді жағадан айтарлықтай алшақта қолайсыз метео жағдайда да қауіпсіз тиеуге мүмкіндік береді.
КҚК акционерлері: Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі федералдық агенттік атынан «Транснефть» ЖАҚ (сенімгерлікпен басқару) - 24%, «КТК Компани» - 7 %, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ - 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC - 1,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKARCO B.V. – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. S.ar.l. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.