Атырау, 23 қараша 16:27
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сорос Еуроодақ елдеріндегі бағдарламасын қысқартатынын мәлімдеді, Қазақстандағы жобаларын дамытқысы келеді

709 просмотра
Джордж Сорос және ұлы Александр

Джордж Соростың "Ашық қоғам" қоры 2024 жылдан бастап Еуроодақ елдеріндегі жобаларын қаржыландыруды барынша азайтады. Оның орнына қор ЕО-ға кірмейтін Еуропа елдерінде, әлемнің басқа мемлекеттерінде қызметін кеңейтеді, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Халықаралық ақпарат құралдары "Ашық қоғам" қорының ішкі хат-хабарларына сүйеніп, Еуроодақ демократияны қолдауда айтарлықтай жетістіктерге жетіп, енді бұл салада көмекке мұқтаж емес деп хабарлады. Қор өз жобаларын Украина, Молдова және кейбір Балқан елдерінде, Қазақстан мен Қырғызстанда дамытқысы келетінін айтқан.

Құқық қорғау ұйымдары "Ашық қоғамның" Еуроодақтан кету ниетін мақұлдамады. ЕО-дағы Transparency International ұйымының өкілі Михил ван Хултеннің айтуынша, Сорос бағдарламаларының Еуропа елдерінде "популизм күшейіп, заңның үстемдігіне қауіп төніп тұрған уақытта" тоқтауы қордың осыған дейінгі жетістіктерін нөлге теңестіреді. Париждегі HEC бизнес мектебінің профессоры Альберто Алеманно "Ашық қоғам" бағдарламалары кетсе, оның орнын консервативті және діни ұйымдар басады деп қауіптенеді.

  • 2017 жылы миллиардер және филантроп Джордж Сорос 18 миллиард доллар ақшасын өзінің "Ашық қоғам" деп аталатын қайырым қорына аударып, оны әлемдегі ірі қорлардың біріне айналдырған. Қор босқындарға көмек көрсетуге, қоғамдық денсаулық сақтаудың дамуына қаржылай демеу көрсетеді, құқық қорғау ұйымдарын қолдайды, экономикалық реформалар жүргізуге көмектеседі. Қор әлемнің 120 елінде жұмыс істейді, олар өз жобаларына жыл сайын бір жарым миллиард долларға жуық қаржы жұмсайды.
  • Сәуір айында Қазақстанда 28 жыл жұмыс істеген Сорос-Қазақстан қоры азаматтық бастамаларды қаржыландыруды тоқтатып, сараптама орталығына айналатынын мәлімдеген. Сорос-Қазақстан қоры 1995 жылдан бері Қазақстанда адам құқығын қорғауға және заң үстемдігі қағидаларын дамытуға, бюджеттің ашықтығы мен есептілігіне және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландырып келді. Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарға 100 миллион доллардан астам грант бөлген.
  • 2023 жылдың маусымында 93 жастағы Джордж Сорос өзінің бизнес империясын басқаруды ұлы Александрға тапсырды. Бұған дейінгі алты ай уақытта Александр Сорос "Ашық қоғамды" басқарды.
17 тамыз 2023, 14:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.