Атырау, 23 қараша 16:02
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жапония Гавайдағы орман өртінен зардап шеккендерге 2 млн доллар қаржы бөледі

415 просмотра

Жапония үкіметі сәрсенбіде Гавайдағы Мауи аралында алапат орман өртінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ретінде 2 млн доллар көлемінде қаржы бөлетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көмек америкалық Қызыл Крест және Japan Platform коммерциялық емес ұйымы арқылы беріледі.

«Жапония мен Гавайдың достық қарым-қатынас орнатқанына талай жыл болды», - деді тілшілерге Жапонияның Сыртқы істер министрі Ёсимаса Хаяси. Жапонияның Гонолулудағы Бас консулдығының мәліметінше, аралда жүздеген жапондық азамат тұрады. Олардың арасында зардап шеккендер туралы дерек болған жоқ.

Жергілікті билік сейсенбіде Мауи аралында өрт салдарынан қаза тапқандар саны 106-ға жетті деп мәлімдеді. Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, бұл 1918 жылы елдің Миннесота штатында жүздеген адамның өмірін қиған табиғи апаттан кейінгі ең жойқын өрт болды.

Бұған дейін Гавай губернаторы Джош Грин өрт салдарынан 1 300-ге жуық адам хабар-ошарсыз жоғалғанын айтқан. Ақ үйдің хабарлауынша, президент Джо Байден мен бірінші ханым Джилл Байден дүйсенбіде Мауи аралына барып, табиғи апаттан зардап шеккендермен, сондай-ақ жергілікті билік өкілдерімен кездеседі.

АҚШ-тың Төтенше жағдайлар жөніндегі федералды агенттігінің есептеуінше, Лахайна қаласындағы зардап шеккен аудандарды қалпына келтіру үшін шамамен 5,52 млрд доллар қажет.

17 тамыз 2023, 10:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.